Теміртауда 3 білім ордасының мемлекеттік лицензиясы уақытша тоқтатылды
Қарағанды облысының Теміртау қаласындағы орта арнаулы білім беру ұйымдарында тексеру жүргізілді. Соның нәтижесінде, білім беру және медицина саласындағы міндетті стандарттардың сақталмағаны анықталды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Қарағанды облысының прокуратурасының мәліметінше, біліктілік санаттары жоқ және біліктілігін арттыру курстарынан өтпеген оқытушылар педагогикалық жұмыспен айналысқан. Сондай-ақ олар соттылығы, медициналық қарсы көрсетілімдері, психиатриялық және наркологиялық есепте болу жағдайларына туралы анықтама тапсырмаған.
«Білім беру ұйымдарының Жарғылық құжаттары белгіленген талаптарға сәйкес келмейді, студенттерді оқуға қабылдау тәртібі бұзылған, жарамдылық мерзімі өтіп кеткен дәрілік және медициналық бұйымдар сақталған. Мысалы, Техникалық-экономикалық колледжде 12 оқытушы біліктілігін арттырмай сабақ берген болса, Жоғары политехникалық колледжде 5 мұғалімнің біліктілік санаты мүлдем жоқ», - деп көрсетті ведомствоның баспасөз қызметі.
Прокуратураның қадағалау актілері бойынша үш білім беру ұйымының білім беру қызметіне мемлекеттік лицензиясының қолданылуы тоқтатылды. Кінәлілер жауапқа тартылып, 4 мыңнан астам студенттің құқығы қорғалды.