Әртүрлі

«Таза бейсенбі» акциясына қатысушылар АЭС құрылысына қолдау білдірді

 «AMANAT» партиясының «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы жаздың басында Президенттің «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында басталған болатын. Көлдер мен су айдындарының айналасын, ауылдар мен қалалардың аумақтарын қоқыстан тазарту және қоқыстарды сұрыптаудан бөлек, бұл акция қоршаған ортаны қорғау, сондай-ақ таза әрі тұрақты энергия көздеріне көшу мәселелеріне қоғамның назарын аударуды көздейді. Бұл туралы Elordainfo.kz  «AMANAT» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясын тұрақты түрде өткізіп тұру туралы жариялаған еді. Мемлекет басшысы Қазақстан әрқашан таза әрі көрікті болуы керектігін, бұл елдің күнделікті өмір салтына айналуы тиістігін атап өтті. 6 маусымнан бастап әр бейсенбі сайын «AMANAT» партиясының мыңдаған белсенділері мен мүшелері әртүрлі аумақтарды қоқыстан тазартып келеді.

Мәселен, «Жастар Рухы» жастар қанатының мүшелері Семей қаласында Ертіс өзенінің жағалауынан екі шақырымнан астам аумақты тазартты. Эко-белсенділер 100-ден астам қап қоқыс жинады. Волонтерлердің айтуынша, «Холодный ключ» ауданы ең ластанған аумақтардың бірі болып саналады. Мұнда қалалық ЖЭО орналасқан. Акцияға қатысушы Назеркe Бекметованың айтуынша, жаңа АЭС-тің құрылысы экологияны газ бен күлдің ластануынан арылтады.

«Мен мұнда ерікті ретінде келдім. Бүгін біз Холодный ключ ауданында «Таза Қазақстан» акциясына қатысып жатырмыз. Жалпы қатысушылар саны шамамен 50 адам. Біз ЖЭО аймағында тазалау жұмыстарын жүргізудеміз. Егер бұл жерде АЭС орналасса, менің ойымша, экология әлдеқайда жақсы, таза болып, қоқыс та азаяр еді», – деді ол.

Атырау облысының Мақат ауылында «AMANAT» партиясының 60-қа жуық белсендісі мен жақтасы «Қамқор» локомотив жөндеу депосының ұжымымен бірге шамамен 1 тонна қоқыс жинады. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, мұндай іс-шаралар табиғат үшін ғана емес, ауыл тұрғындарының туған жерінің игілігі үшін бірігуіне де көмектеседі.

Игі істен Қостанай қаласының партия мүшелері де шет қалмады, мұнда белсенділер қалалық жағажай маңындағы саябақ аймағын қоқыстан тазартты. Жергілікті тұрғын Амангелді Көшербаевтың айтуынша, бұл жай ғана коммуналдық қызметтерге көмектесу ғана емес, сонымен қатар акция аясында экологияны қорғау үшін қабылданатын шараларды талқылауға да мүмкіндік бар.

«Бұл менің қалам, сондықтан да егер біз болмасақ, бұл жерді кім және қашан тазалайды? Біз жастарды табиғатқа, мүлікке, жалпы қалаға ұқыпты қарауға үйретеміз. Әсіресе, аула сыпырушылар мен бағбандардың еңбегін құрметтеуге үгіттейміз. Бұдан бөлек, біз қоршаған ортаны қорғау, зиянды шығарындыларды азайту туралы да сөйлесеміз. Соңғы мәселені АЭС құрылысы, атом энергетикасының дамуы шеше алады. Ал бізде бұл бағытта талантты жас ғалымдар баршылық», – деді ол.

Өскемен қаласында 70-тен астам белсенді тұрғын «Котлован» ауданында 200-ден астам қап қоқыс жинады. Барлық қалдықтар сұрыптауға және қайта өңдеуге жіберілді. Партияның Шығыс Қазақстан облыстық филиалының атқарушы хатшысының орынбасары Аманбай Нұркенов бірлескен тазалық жұмыстары қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыратынын айтты.

Шымкентте Еңбекші ауданының Жібек жолы көшесіндегі аулалардың бірінде 100-ден астам адам жиналып, тазалық жұмыстарын жүргізді. Олар қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап, шөп пен құрғақ бұтақтарды жинады. Белсенділердің пікірінше, қоршаған ортаны қорғау және туған жердің тазалығын сақтау – әрбір азаматтың ортақ міндеті.

Ұқсас іс-шаралар еліміздің өзге өңірлерінде де өтті. Партия мүшелері осындай тазалық жұмыстарын әр бейсенбі сайын жүргізеді. Әр учаскеге мәслихат депутаттары, белсенділер мен бастауыш партия ұйымдарының басшылары бекітілген. Олар өз жауапкершілігіне алған учаскелерде тәртіп пен тазалықты қамтамасыз етеді. Сондай-ақ қоқыс жәшіктерін орнату, аумақтарды көгалдандыру, жолдар мен тротуарларды жөндеу сияқты инфрақұрылымды жақсарту мен дамыту мәселелерін шешеді.