Әртүрлі

Татьяна Любина: Қазақ тілін үйрену үшін барлық жағдай жасалған

Тіл – халықтың ең маңызды қазыналарының бірі. Жұртты жақындастыратын байланыс құралы, достық дәнекері. Өмірін ұстаздықпен ұштастырған Атырау қаласындағы №3 мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Татьяна Любина Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың  қолынан «Ерен еңбегі үшін» медалін алды. 

«Қазақ тілі - өте құнарлы да, бай тіл. Мен өзім орыс ұлтынан болсам да, кішкентайымнан қазақ тіліндегі жаңылтпаштарды, жұмбақтарды жаттап өстім. Есейе келе, Абай шығармаларын оқып, дәптеріме түртіп алып жүретінмін», - деді Татьяна Любина.

Ол – Атырау облысы Индер ауданы Зеленый селосының тумасы.  

Отбасын ең қымбат құндылыққа бағалайтын Татьяна көпбалалы отбасында дүниеге келген. Анасы – 13 баланы өмірге әкелген алтын құрсақты ана.  Татьяна – сол балалардың сегізіншісі. Әкесі мен анасы 13 баланы оқытып, жоғары білім алуларына қолдау көрсеткен аяулы жандар.

Татьяна Любина үшін қазақ тілі кішкентай кезінен ана тіліне айналды.  Оның отбасы ауылдағы жалғыз орыс, ал қалған тұрғындар қазақ болған. Әрдайым көршілерімен үлкен дастарқанда жиналып, қазақ мерекелерін тойлап, салт-дәстүрлерді бірге жасаған.

1984 жылы Татьяна Любина Атырау педагогикалық институтының қазақ сыныптарында орыс тілі оқытушысы мамандығы бойынша бітірді.

Мектептегі әрбір сабақты білікті ұстаз  қарапайым бейресми әңгімелесуден бастайды. Барлық әңгіме тек қазақ тілінде жүргізіледі. Нағыз мұғалім ретінде ол әрбір оқушысын мемлекеттік тілде еркін сөйлетуге тырысады.

«Мемлекет басшысының Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIII сессиясында берген мемлекеттік тілді жан-жақты дамыту жөніндегі тапсырмасын іске асыру, сондай-ақ мемлекеттік тілді насихаттау және оның мәртебесін арттыру туралы сөзі мені қанаттандырды. Мектебімізде  орыс, өзбек, әзербайжан, корей, шешен және басқа да ұлттардың балалары көп. Балалар қазақ тілін білгісі келеді, өйткені қазір қазақ тілін білмей қоғамнан орын табу қиын. Біздің еліміздегі әрбір адам мемлекеттік тілді меңгеруі тиіс. Менің оқушыларым мұны түсінеді, сондықтан қазақ тілін үлкен ықыласпен оқиды. Қазақ тілін үйрену үшін барлық жағдай жасалған. Әрбір сыныптың балалары кіші топтарға бөлінеді. Бұл әр баламен жеке айналысуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бізде кейде қазақ тілінің қосымша үйірмелері жұмыс істейді», - деді ұстаз.

Татьяна Любина қазақ тілін меңгергенінің арқасында көп жетістікке қол жеткізді. Екінші жоғары білімді  орыс тілінде оқытатын сыныптарда қазақ тілі пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдады. Сондай-ақ ол  ғылыми мақалалар жазып, сабақты тиімді өткізу жолында ізденді. Еңбекқор ұстаздың еңбегі бағаланып  облыс басшылығынан, Оқу-ағарту министрлігінен марапаттар алып отырды. 2006 жылы Атырау облысының үздік мұғалімі болып танылып, «Ағарту үздігі» төсбелгісімен және көптеген алғысхаттармен марапатталды.

«Менің басты марапатым – менің оқушыларым. Осы жылы жетінші рет түлек ұшырып отырмын. Олардың әрқайсысының тағдырына алаңдаймын. Дегенмен олар біздің үмітімізді ақтап жатыр. Сыныптың жартысына жуығы ҰБТ-дан 100 балдан жоғары жинады. Балалар Астана, Алматы қалалары, Чехия және басқа да елдерге жоғары оқу орындарына түсті. Мектепті бұрын бітіріп, қазіргі кезде әлемнің түкпір-түкпірінде, алдыңғы қатарлы қазақстандық компанияларда жұмыс істеп жүрген түлектерімді мақтан етемін.  Бұл - менің басты жетістігім», - деп есептейді Татьяна Любина.

Татьяна Любина қазақ азаматына тұрмысқа шығып, қазақ дәстүрін бойына сіңірген келіншекке айналды. Қырық  жыл бойы қол ұстасып келе жатқан жұп бір ұл мен бір қызды тәрбиеледі. Бүгінде  олардан төрт немере сүйіп отыр.  

«Менің марқұм қайын енем орыс тілінде бірде-бір сөз білмеді. Бізді қайным үйленген соң, енші беріп бөлек шығарды.  Мен әрдайым өзімнің қазақ келіні екенімді ұмытпадым.  Қонақ қарсы алу, дәстүр бойынша оларға ас дайындау мен үшін үйреншікті іс болды. Қазір біздің көпэтносты тату отбасымыз бар. Қызым корейге тұрмысқа шықты, келінім - қазақ. Балаларым мен немерелерім қазақ тілін біледі», - деді Татьяна Любина.

Ардақты ұстаз қазақ тілін білу, қазақша сөйлеу елімізде әдеттегі құбылысқа айналуы тиіс деп санайды.  Ол Ақордаға барып, Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан алған марапаты көп жылдық еңбегінің бағаланғаны деп есептейді.

Гулнафис Жармуханбетова,

Атырау облысы ҚХА  баспасөз қызметі