Танымал журналист ұлына «Құнанбай» деп ат қойған кісіге ақша беретінін айтты
Бұл туралы танымал журналист Нұрсейіт Жылқышыбай Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Кәсіпкер Дулат Тастекей ағамыз Ұлы Абайдың 180 жылдығына керемет бір бастама көтеріп жатыр екен. 2025 жылдың 10 тамыз күні дүние есігін ашқан барлық Абайларға 180 мың теңгеден бермек екен. Асылтас қорының бұл бастамасын мен де өз шама-шарқымша қолдаймын. Бірақ…
Қазақта Абай деген ат аз емес. Ал Құнанбай ше? Алда бір жазғанымдай Құнанбай, Дөнентай, Тұрсын сынды қазір қазақы аттар қойылмай кетті.
Есесіне арабша аттар қаптады. Бұл бір. Екіншіден Абайдың Абай болуына ықпал еткен әкесі. Емендей берік, бәйтеректей зор Құананбай! Қарадан шығып хан болған. Әділдікті қақ жарған шешен әрі балуан болған тұлға!», - деген ол бұл тұрғыдағы өз шартын да айта кетті.
Журналистің шарты
«Ұлының атын Құнанбай деп қойған он адамға «Аламан» компаниясының атынан 3 млн теңге бөлемін. Яғни балаңыздың атын Құнанбай деп қойсаңыз 300 мың теңгені бірден шотыңызға аударып жіберем.
Ол үшін мына нөмірдің вацабына 8-707-179-79-42 дәлелдейтін туу туралы куәлікті жіберсеңіз болғаны. Бұл шара 1 наурыздан басталады.
Оған дейін барынша репост жасап қолдап жіберсеңіздер! Ата-ана атанғалы отырған жандарға хабарымыз жетсе екен дейміз.
Әрине кейін бұл шараның есебін өздеріңізге беремін. Он сәби Құнанбайды өздеріңізге таныстырамын. Сіздер ақ тілектеріңізді айтасыздар!» - деп жазды журналист.