Әртүрлі

Түркиядағы көші-қон саясаты мигранттар үшін айтарлықтай қиындап кетті – блогер

Түркиядағы көші-қон саясаты мигранттар үшін айтарлықтай қиындап кеткенін блогер Elorda.info журналистіне айтты.

-Мәншүк ханым, жалпы көші-қон тенденциясының күшеюіне не себеп деп ойлайсыз? 

- Ал отандастарымыздың көбі Түркияны не үшін тұрақты қоныс ретінде таңдайды?

- Бұл елдің артықшылықтары неде? 

-Кемшілігі де жоқ емес қой, әрине...

- Жалпы, Түркияға көшерде нені ескеру керек?

-Сонымен, Түркияға көшу үшін қомақты қаржың болмаса қиын болып тұр ғой? 

-Үй сатып алу, пәтер жалдау мәселесі туралы не айтар едіңіз?

 -Қазақстандағы автокөлігіңді өзіңмен бірге Түркияға алып баруға бола ма?

-Ал, Сіздің жеке байқауыңызша,  Түркияға қоныс аударғандар сол жаққа тұрақтап қалып жатыр ма? 

- Сұхбатыңызға рахмет! 

-->

-Мәншүк ханым, жалпы көші-қон тенденциясының күшеюіне не себеп деп ойлайсыз? 

Менің ойымша, бұған екі басты себеп бар. Біріншісі, саяси ахуал. Яғни, адамдар «Елде өзгеріс жоқ, дамуға мүмкіндік жоқ»  дегенді алға тартып, қалыптасқан жүйеден шаршап, көңілі қалып шетелге көшеді. Екіншісі, экономикалық жағдай. Азаматтардың туған жерінде тапқан ақшасы лайықты өмір сүруіне жетпеуі мүмкін. Мұндайда «басқа елден жақсы мүмкіндік ашылар» деп үміттенеді. Көп жағдайда  дамыған елдерге жастар сапалы білім алу үшін қоныс аударып жатады. Кей жағдайда  «шетелде аз ғана уақыт тұрайық, стрестен, несиеден құтылайық» немесе  «әртүрлі кикілжіңдерден көз ашпайтын болдық, кішкене серпіліп келейік» деген себептермен көшуі мүмкін. Себебі экономикалық жағдай адамдардың эмоционалдық жағдайына әсер етеді. Ал адамдардың эмоционалды жағдайы дұрыс болмаса, олар басқа елге қоныс аударып,  қоршаған ортасын ауыстыру арқылы стрестен шығуға ниеттенеді. Бұл – классикалық себептер. 

- Ал отандастарымыздың көбі Түркияны не үшін тұрақты қоныс ретінде таңдайды?

Қазақстандықтар қазіргі жағдайда Ресейге көшпейді. Қытайға және қоныс аудара алмайды. Себебі тілі, діні , саясаты мүлдем бөлек, көшіп баруға жабық ел. Ал Қырғызстан мен Түркменстанға баруға ешкім ынта білдіре қоймасы анық. Қазіргі жағдайда ақша жағынан да, келіп-кету жағынан да, тілі жағынан да біздерге қолайлысы – Түркия елі болып тұр. Негізгі себебі осы болуы керек. 

- Бұл елдің артықшылықтары неде? 

 Түркиядағы бұған дейінгі қалыптасқан халықтың бір-біріне деген жақсы көзқарасы, өзара шыдамдылығы, балаларға деген мейірімділігі, көшедегі стрестің аздығы бұл елдің артықшылығы деп білемін. Сондай-ақ, климаты, табиғаты жанға жайлы.  Әрине, бұл қай қалаға көшіп барғаныңызға байланысты. Ыстамбулға көшіп келесіз бе, Измирге ме, әлде Анталияға ма?  Әрқайсысының табиғаты әртүрлі. Өзім Анталияда тұрғандықтан, бұл жердің ауа райы, теңізі, өмір сүруге қолайлылығы маған ұнайды.

-Кемшілігі де жоқ емес қой, әрине...

Бірақ соңғы кезде экономикалық жағдай бұл елде де жақсы емес. Өте жоғары деңгейде инфляция мен девальвация болды. Яғни, елдің валютасы,  лира екі есеге жуық түсіп кетті. Оның бергі жағында бұл елде былтыр қыста жойқын зілзала болды. Жер сілкінісінің зардабынан экономика ойламаған жерден бұрынғыдан да зардап шекті. Шыны керек, халықтың қазіргі стрестік жағдайы жоғары. Бұрынғыдай емес, көшеде ұрсысып қалулар жиі кездесіп тұрады. Шетелдіктерге деген көзқарас та бұрынғыдан басқаша.   Қонақжайлылық көрсету мен құшақ жайып қарсы алу азайған. Мысалы, үй жалдаған кезде шетелдіктерге үй бермеу, қымбат баға сұрау, бір жылдың ақысын төлеттіру сияқты қиындықтар туғызуға әуес болып кетті. Өзара да кикілжіңдер көбірек болып тұрады. Бұл да - елдің саяси және экономикалық ахуалының төмендеуінен туындап жатқан мәселелер. Көп нәрсе осы екеуіне байланысты ғой. 

- Жалпы, Түркияға көшерде нені ескеру керек?

Ең маңыздысы, түрік тілін үйреніп алуға тырыссаңыз, өзіңізге өте ыңғайлы болады. Өйткені Түркия тұрғындарының 99 пайызы, негізінен, түрікше сөйлейді. Бірер пайызы ғана ағылшынша немесе орысша сөйлейді. 

Одан соң әртүрлі алаяқтықтан сақ болу керек. Қазір жергілікті тұрғындар шетелдіктерді алдап кетуге, ақшасын көбірек алып қалуға тырысып жатады. Сөзінде тұрмау немесе шешімін өзгерте салу – ондағы жиі кездесетін жағдай. Түркиялықтардың мигранттарға деген саяси шешімдері де қолайлы емес. Бұрынғыдай тұру рұқсатын оңай бере салмайды. Қаншама адамның өтінішінен бас тартты. Сол себепті көп адам еліне кері қайтты. Бұған шетелдіктердің өте көп келуі де әсер етті. Ресей-Украин соғысы басталғаннан кейін орыстар, украиндар осы жаққа қашып келді. Оның алдында сириялықтар, ауғандықтар, африкалықтар мен арабтар босып келген болатын. Осындай мигранттардың көбеюіне байланысты Түркия толерантты миграциялық саясатын өзгертті. Яғни, қазір егер пәтер сатып алмасаң ( ең арзаны 75 мың доллардан жоғары), көп аудандарға қоныстануға  тыйым салынды. Яғни, үй алмасаң, тұруға ықтиярхат бермейтін болды. 

-Сонымен, Түркияға көшу үшін қомақты қаржың болмаса қиын болып тұр ғой? 

Негізінен, Түркияға көшудің аса қиындығы жоқ. Ең маңыздысы, қалтада қомақты қаражат болу керек. Өйткені тұруға ықтиярхат сатып алу үшін үй сатып алу керек болады. Тағы бір жолы, жұмысқа орналасу немесе оқуға түсу арқылы визамен  көшіп келуге болады. Бірақ бұл жақта жеке бизнес, маусымдық немесе онлайн жұмыстар болмаса, компаниялардан жұмыс табу оңай емес. Мемлекеттік орындарда жұмыс істеу үшін түрік азаматтығын алу керек.  Мұнда ең төменгі еңбекақы 12 мың лира, бұл 500 доллардың шамасы. Есептеп көрсеңіз, бұл пәтер жалдап  тұратындардың жыртығына жамау болмайды. Иә, бұрын туристік тұру шартымен пәтер жалдап-ақ тұра беруге болатын болса, алдыңғы жылдан бастап бұл жағы қиындап кетті. Жалпы, қазақстандықтар мұнда 3 ай еш оұқсатсыз тұра алады.

-Үй сатып алу, пәтер жалдау мәселесі туралы не айтар едіңіз?

Таныстарың болмаса, түрік тілін білмесеңіз, пәтер табу қиын.

Түркияда қалада бір бөлмелі үйлерді жалдау бағасы 1 айға 15 мың лирадан басталуы мүмкін. Бұл - шамамен 300 мың теңгедей сома. Шағындау қалаларда 9-10 мың лирадан басталуы мүмкін. Бұл 70-80 мың теңге  шамасында. Одан басқа коммуналдық төлемдер бар, бір айға алдын ала төленетін депозит бар, делдалдың қызмет ақысы тағы бар.  

 -Қазақстандағы автокөлігіңді өзіңмен бірге Түркияға алып баруға бола ма?

Бұл елде көлік қымбат. Біздің елде 20 мың доллар тұратын көлік мұнда 40-50 мың доллардай тұрады. Элиталық сәндегі теміртұлпарлар өте аз.  Рас, көлігің болса, Қазақстаннан алғаш келгенде өзіңмен бірге әкелуіңе болады. Егер Түркияда 6 айдан бері тұрып жатсаң, бұған рұқсат жоқ. Бұл үшін өз еліңде қайта 6 ай тұрып, сосын ғана көлігіңді әкеле аласың. Ал Түркияда тіркелген теміртұлпарыңызды 2 жылдан соң қайта елден шығарып, 6 айдан кейін ғана қайта әкелесіз.  

-Ал, Сіздің жеке байқауыңызша,  Түркияға қоныс аударғандар сол жаққа тұрақтап қалып жатыр ма? 

Жалпы, Түркияға келген адамдарға бұл ел ұнайды, осында қоныстанып, қалып қоюға тырысады. Бірақ соңғы уақытта  көші-қон саясатына, яғни тұру рұқсатын бермеу, ұзартпау сияқты шектеулерге байланысты көп мигранттар өз елдеріне қайтуға мәжбүр болды деп ойлаймын. 

- Сұхбатыңызға рахмет!