Әртүрлі

Түркістан облысында су қоймасын реконструкциялау жұмыстары жақында аяқталады

Түркістан облысының Бәйдібек ауданында Қапшағай су қоймасын реконструкциялау жұмыстары жүріп жатыр. Жоба 2025 жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Жоба аясында қызметтік ғимарат жөнделіп, ескі темірбетон плиталары алынып тасталып, бөгет нығайтылады. Сондай-ақ ойықтар мен қуыстар толтырылып, шайылған жерлерді бекіту және бетон тіректерін нығайту көзделген.

Жұмыстар аяқталған соң 4,3 мың гектар егістік алқапқа сапалы су жеткізу мүмкіндігі артады. Сондай-ақ жалпы саны 10 900 адам тұратын төрт елді мекенді ауыз сумен қамтуға мүмкіндік туады.

«2023 жылы еліміздегі барлық гидротехникалық нысанға түгендеу жүргізілгеннен кейін су шаруашылығын дамытуға арналған кешенді жоспар жасалды. Онда 160-тан астам іс-шара қарастырылған. Соның ішінде 42 жаңа су қоймасын салу және жұмыс істеп тұрған 37 су қоймасын реконструкциялау жұмыстары бар. Оған қоса, министрлік 1,3 млн адамды ауызсумен қамтамасыз ету үшін 2,5 мың шақырымнан астам су құбырын салу және реконструкциялау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жалпы алғанда, 9 облыста 31 жоба жүзеге асырылуда», – деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов.