Түркістан облысында мекеме қарауылынан көп көлемде «Трамадол» таблеткасы тәркіленді
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Түркістан облысының полициясы «Трамадол» дәрісін тасымалдаған күдіктіні ұстады, деп хабарлады Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Ордабасы ауданында полиция қызметкерлері Арыс ауданы тұрғынының басқаруындағы Toyota Camry автокөлігін тоқтатты. Тінту кезінде жедел уәкілдер автомобиль салонынан 120 «Трамадол» таблеткасы бар 4 полиэтилен пакетін тәркіледі.
Сонымен қатар күдіктінің тұрғылықты жерінен психотроптық затқа жататын тағы 1 пакет табылды. Алынған препараттың жалпы саны – 2416.
Белгілі болғандай, Арыс ауданындағы медицина мекемелерінің бірінде қарауыл болып жұмыс істеп жүрген ол дәрігер беретін рецепт бланкілерін пайдаланып, «Трамадолды» сатып алу үшін Шымкент қаласына барған. Одан заттай дәлелдемелер тәркіленді.
Қазіргі уақытта осы факт бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде және барлық мән-жай анықталып жатыр.