Тәлімгер полицейлер жас әріптестеріне кітап тарту етті
Атырауда тәлімгер полицейлер жас әріптестеріне кітап тарту етті, -деп хабарлады Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Ұлттық кітап күніне орай Атырау облысы полиция департаментінде рухани құндылықтарды дәріптеуге және жас тәртіп сақшыларының кәсіби деңгейін арттыруға бағытталған игі бастама өтті. Іс-шара аясында тәлімгерлер өз қамқорлығындағы жас полицейлерге детектив жанрындағы шығармалар мен құқықтық сөздіктерден тұратын танымдық кітаптарды сыйға тартты.
«Кітап — адамзаттың баға жетпес байлығы. Ел көлемінде алғаш рет тойланып отырған Ұлттық кітап күнінде біз де өз үлесімізді қосуды жөн көрдік. Кез келген білім мен тәрбие бастауы — кітапта. Осы орайда қызмет барысында қажет болатын, танымдық маңызы зор туындыларды тарту етуді ұйғардық», - деді департаменттің ақпарат және байланыс басқармасының аға инженері Алмажай Айтенова.
Кітап табыстау рәсімі барысында тәлімгерлер өздері оқыған әсерлі кітаптар туралы әңгімелеп, жас мамандармен ой-пікір алмасты. Бұл сәт қызметтік тәжірибемен қатар, өмірлік танымды кеңейтуге де ықпал етті.
Айта кетейік, бұл бастама облыстық полиция департаментінің басқа бөлімшелерінде де жалғасады.