Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Әділ қоғам» жобасын іске қосты
«Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ЮНЕСКО қамқорлығындағы Мәдениеттерді жақындастыру орталығымен бірлесіп «Әділ қоғам» атты қоғамдық жобаға бастама жасады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Аталған жоба мәдени және білім беру бағдарламалары арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетанымды нығайтуға және кеңейтуге бағытталған.
Жобаның таныстырылымы мен іске қосылуы Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада өтті.
Іс-шараға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің төрағасы Асхат Жұмағали, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың басшылары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, елдің ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдері қатысты.
Агенттік төрағасы Асхат Жұмағали құттықтау сөзінде қазақтың ұлттық дәстүрлері ежелден бері әділдік, парасаттылық және адалдық сияқты маңызды құндылықтарды қалыптастырғанын атап өтті.
«Бұл идеалдар ұрпақтан ұрпаққа беріліп, аңыздардан, мақалдардан, өлеңдер мен әдет-ғұрыптардан көрініс тапты. Рухани мұраға бай ұлттық мәдениет халық арасында адамгершілік нормалар мен қағидаттарды құрметтеуді тәрбиелеуге негіз болды.
Осылайша, ұлттық мұраны, отбасылық және қауымдық дәстүрлерді құрметтеу арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы құндылықтарды құра отырып, біз адал қоғамды қалыптастыру үшін берік іргетас қалаймыз», – деді агенттік төрағасы.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева өз сөзінде «Әділ қоғам» жобасының адалдық пен әділеттілік жолындағы нақты қадамдардың бірі екенін атап өтті.
Іс-шара аясында келушілер мен қатысушыларға оқушылардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыптағы үздік суреттері, халық даналығы мен адалдық үлгілері көрсетілген «Ізгілік дәстүрі» атты бейнероликтер, сондай-ақ дәстүрлі моральдық нормаларды ашып көрсететін экспонаттар ұсынылған «Ұлы дала әдебі» көрмесі таныстырылды.
«Әділ қоғам» жобасы тұрақты даму мен рухани жаңару негізі ретінде әділеттілік мәдениетін бекітуге, мәдени және білім беру бағдарламалары арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетанымды кеңейтуге бағытталған.
Жоба қоғам белсенділерін, белгілі қоғам қайраткерлерін біріктіріп, ашық қоғамдық диалог алаңына айналмақ.
Бұл бастаманы ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдері қолдап, жобаны ел игілігі үшін игі идеялар мен бастамаларды тарту нүктесіне айналдыруға үміт білдірді.