Әртүрлі

Су тасқыны кезінде 200 жанұяны көшіруге бөлінген қаражат қолды болған

Су тасқынына қарсы шараларға бөлінген қаражатты ұрлаған қарақшылар қылмыстық жауапкершілікке тартылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Ақмола облысының арнайы прокурорлары 300 млн теңгеден астам қаражатты жымқырғаны үшін Атбасар ауданының әкімдігіне қарасты құрылыс бөлімі, «Престиж Строй 7» және «Фундаменталь» ЖШС-нің басшыларына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады.

«Аталған қаражат 2021 жылы Үкімет резервінен Атбасар ауданында су тасқыны аймағында тұратын 200 жанұяны көшіру үшін екі 100 пәтерлі үйлерді салуға бөлінген. Күдіктілердің әрекеттері аса ірі көлемде жымқыру – талан-таражға салу, яғни Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігі бойынша сараланды. Көрсетілген бап бойынша мүлкін тәркілеумен қоса, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Екі күдікті сот санкциясымен күзетпен ұсталса, олардың үшінші серіктесі үйқамаққа алынды», - делінген Ақмола облысы прокуратурасының баспасөз қызметінің хабарламасында.

Тергеу барысында Алматы, Астана қалаларында қылмыстық жолмен алынған коммерциялық жылжымайтын мүлік, арнайы техника, құрылыс құрылғылары анықталды, сондай-ақ банктік шоттарда 50 млн теңгеден астам ақшалай қаражат табылды. Бұл ретте тыйым салынған мүліктің құны 335 млн теңгеден аса сомаға бағаланды.

Прокурорлар аталған мүліктің бір бөлігі жалға беріліп, қылмыстық жолмен пайда түсірілгенін анықтады.

Сол себепті, бір күдіктінің әрекеті қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге мүлікті заңдастыру (жылыстату), яғни Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 218-бабы 3-бөлігі бойынша қосымша сараланды. Бұл бап бойынша мүлкін тәркілеумен қоса, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Қазір қылмыстық процеске қатысушылар қылмыстық іс материалдарымен танысып жатыр. Соңғы нүктені іс бойынша сот қоятын болады.