Әртүрлі

Степногорск қаласының жылу желілерін реконструкциялауға 2,7 млрд теңге бөлінді

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау шеңберінде елімізде энергетикалық инфрақұрылымды жүйелі жаңғырту жүргізілуде. Үкімет қаулысымен Ақмола облысы Степногорск қаласының жылу желілерін реконструкциялау үшін резервтен шамамен 2,7 млрд теңге бөлінді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Құжатқа сәйкес, Үкімет резервінен бөлінген қаражат жедел реконструкциялауды қажет ететін диаметрі 530 мм болатын 6,5 шақырым жылу желілерін жөндеуге бөлінген.

Степногорск қаласының жылу желілерінің ұзындығы 123,8 шақырым. Магистральдық жылу желісі 1968 жылы салынған және тозу деңгейі 84,4%-ды құрайды.

Апаттық жағдайдың және жылу беру кезеңіндегі төтенше жағдайдың туындау қаупін болдырмау мақсатында Үкімет резервінен бөлінген қаражатқа жедел реконструкциялауды қажет ететін диаметрі 530 мм болатын 6,5 шақырым жылу желілерін жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 

Келешекте «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде 2025-2026 жылдары 5,8 млрд теңге сомасына ұзындығы 9,5 шақырым, диаметрі 820 мм болатын магистральдық жылу желілерін реконструкциялау жөніндегі жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.

Бұл жұмыстарды жүргізу алдағы жылыту маусымына уақтылы дайындалуға, күрделі апаттардың алдын алып, үйлерге жылудың үздіксіз берілуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Естеріңізге сала кетейік, Степногорск қаласының халық саны шамамен 46 мың адамды құрайды. Қаладағы көп қабатты үйлер саны – 316, әлеуметтік нысандар – 65, басқа тұтынушылар – 342. Барлық тұрғын үйлер мен нысандар орталықтандырылған жылытуды тұтынушылар болып cаналады, жалпы максималды жылу жүктемесі – 175 Гкал.