Әртүрлі

Солтүстікте жауынның салдарынан астықтың тек 30 пайызы жиналды

Солтүстік өңірлерде жауын-шашынның салдарынан астық жиналмай жатыр. Ел бойынша 23 млн гектар алқапқа дән себілген. Әзірге дақылдың тек 30 пайызы ғана орылды. Ауа райы ыңғай бермесе, шаруалар биыл шығынға батамыз деп налиды. Бұл туралы Elordainfo.kz «Қазақстан» ұлттық телеарнасына сілтеме жасап хабарлады.

Биыл теріскейде жаңбыр жаз бойы толастамады. Салдарынан шаруалар егінге орақты кеш салды. Бүгінгі күнге дейін 4,4 млн гектар жердің 17 пайызы ғана жиналды. Алқапқа шыққан техника күнде сазға батып қалады.

«Күн сәл ашылды, соның өзіне егістерге кіре алмай жатырмыз. Өйткені дала су болып тұр. Жалпы сапасы онша емес, себебі ылғалдылығы көп. Алдыңғы жылы енді сәл жеңілдеу болған. Дер кезінде жинамаған соң, жердің бетіне арпа, бидай, жасымықтың егіндері түсіп жатыр»,- дейді шаруа Еркебұлан Жаханов.

Ақмола облысында да су тиген бидайдың сапасы нашар. Масағы өсіп, дәнегі қарайып кеткен. Биыл жүздеген гектар аумаққа егін еккен Медет Сейпілмәліков жиған-тергенін астық сақтайтын орындарға апарып тапсырған. Орып үлгермегені жаңбырдың астында жатыр.

«Биыл 4-5 класс алып жатырмыз. Клейковина болмайды. Енді қазір мүлдем жоқ дейді. Нан шикі дейміз ғой. Сол осы егіннен болады. Осы жаңбырдан кейін нан шикілеу болады. Ол көтерілмейді. Дұрыс піспейді», - дейді шаруа Медет Сейпілмәліков.

Ал, Павлодар облысында астықтың 25 пайызы ғана жиналды. Техника алқап басында қаңтарулы тұр. Піскен егіннің астынан тағы да дән көктеп шығуда. Мұндай бидай мал азығына ғана жарайды дейді шаруалар. Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдерінің айтуынша, өнімді кептіру, сақтауда қиындық туындамайды.

«Мемлекеттік қолдаулар көрсетілді, уақытында тұқым, удобрение, минералды тыңайтқыштар себілді. Қазгидрометтің көмегеіне де сүйентін боламыз. Енді болжам, алдында жылдың басында айтылды. 20 млн тоннаға дейін егін жинау жұмысы жоспарлануда»,- деді, ҚР АШМ егіншілік департаментінің бас сарапшысы Ерсайын Досымбетов.

Жиналған дәнді дақылдың 60 пайызы 3-классқа жатады. Өнімділік гектарынан 14,8 центнер. Күзгі науқан басталғалы ел бойынша 7,5 млн тонна астық бастырылған.