Әртүрлі

Соқыр тақуалық діни фанатизмге әкеле ме

Дін әрқашан адамдардың рухани өмірінде маңызды рөл атқарған. Ол адамға моральдық бағыт-бағдар беріп, өмірінің мәнін табуға көмектеседі. Алайда, шынайы сенім мен фанатизмнің арасында айырмашылық бар, оны түсіну аса маңызды.

Сенім – адамның рухани құндылықтарды саналы түрде қабылдауы, ізгілік пен мейірімділікке ұмтылуы. Ол ішкі сенімге және өзгелерге деген құрметке негізделеді. Ал фанатизм – сыни ойлаудан бас тарту, догмаларға соқыр түрде еру, басқаша ойлайтындарға төзімсіздік таныту. Ол қоғамда агрессия тудырып, адамдар арасында бөлінушілікке әкеледі.

Бұл мәселе бойынша Астана қаласындағы «Діндерді зерттеу» орталығының теологы Құрметхан Байғара мырзамен сұхбаттасқан едік:

Шынайы сенім мен діни фанатизмнің айырмашылығы неде?

Жалпы «фанатизм» деген сөздің мағынасын ашып алайық. Оның негізгі белгілері: бір нәрсені дұрысқа шығару, өз сенімінен басқа түсінікті жоққа шығару, өз сенімін абсолютті ақиқат деп санау, белгілі бір рухани жетекшіге соқыр сенім, шектен тыс діни көзқарастар арқылы басқаларға қысым көрсету. Ал дін мәселесінде, әртүрлі діндер бар. Және діндердің арасында бір-біріне деген құрмет болуы керек. Ал діни фанатизмнің шектен шығып кетуі, әлемде болып жатқан соғыс, қақтығыстардың бірден бір себебі. Көп келіспеушілік неден шығады? Діни көзқарастан шығады. Ал бұл ең бірінші кезекте адамның білімсіздігі, сауатсыздығы.

Құрметхан мырза исламда төрт мәзхабтың (Ханафи, Мәлики, Ханбали, Шафиғи) бар екенін атап өтті. Бұл мәзхабтар ислам құқықтық жүйесінің әртүрлі мәдени және географиялық аймақтарға сәйкес дамығанын көрсетеді. Бірақ, діни фанатизмге бой алдырған адамдар көбінесе бұл мазхабтарды жоққа шығарады.

Оның айтуынша, фанатизмнің тағы бір себебі – дәстүрлер мен діни қағидаларды дұрыс түсінбеу. Құрметхан мырза бұл тұрғыда исламдағы Усул аль-Фиқһ кітабын тілге тиек етті. Ол Құранда дәлме-дәл келмеген ақпараттарды, мәселелерді ашықтап беретінін айтты. Мысалы, қоғамдағы кей мәселелерді шариғатқа сай сол жердің әдет-ғұрпы арқылы шешуге болатыны жөнінде аса назар аударды. Мысалы,  «әурет» деген ұғымның негізінде «Әйел адамға ер адамның ота жасауы дұрыс емес». Бірақ адамның өмірі басты орында және мұндай сәттерде сол елді-мекеннің әдет-ғұрпына орай әрекет етеді. Дегенмен, бұл ілімді радикалды топтар елемейді, мойындамайды. Оқыған күннің өзінде өз мақсаттарына орай бейімдейді. Сайып келгенде, ойдың тар болуы, надандық діни фанатизмге апарады. «Ғашық болған адамның көзі соқыр» дейді. Яғни фанатизмге өтіп кеткен адам: «өзімдікі дұрыс, қалғаны қате» деген ұғымды ұстанады.

Фанатизмнен қалай сақтануға болады?

Сыни ойлауды дамыту – әртүрлі көзқарастарды зерттеу, Құран мен хадистерді дұрыс түсіну.

Өзге діндер мен пікірлерге құрметпен қарау – толеранттылық пен діни келісім қоғамның тұрақтылығын нығайтады.

Манипуляцияға ермеу – фанатикалық топтар эмоциялық қысым көрсету арқылы адамдарды өз қатарларына тартады.

Радикалды топтардан аулақ болу – олармен байланысу қауіпті салдарға әкелуі мүмкін.

Құрметхан мырзаның айтуынша, жастар фанатизмнің құрбаны болмауы үшін білім алуға ұмтылуы керек. Мешіттер мен діни оқу орындарында сенімді ақпарат көздерінен білім алу маңызды. Ол Құранда «Ойланбайсыңдар ма? Ақылға салмайсыңдар ма?» деген аятты мысалға келтіріп, адамның сана биігінде өсуінің маңыздылығын алға тартты.

Сенім – адамды рухани жетілуге, мейірімділік пен бейбітшілікке жетелейтін құрал болуы тиіс. Ал фанатизм, қоғамдағы алауыздық пен шиеленістердің себебіне айналды. Сондықтан сенім мен фанатизмнің ара-жігін ажыратып, білімге, парасаттылыққа және сабырлыққа негізделген діни ұстанымдарды дамыту – қоғамның бейбіт өмір сүруінің басты кепілі.