Әртүрлі

Әскери қызметшілердің жалақысы 50 пайызға өседі – Бақытбек Сыдықов

Қарулы күштердің әскери қызметшілерінің лауазымдық жалақысы екі жылда орташа 50%-ға өседі. Сондай-ақ, әскери қызметшілерге бұрын тоқтатылған жеңілдіктерді қайтару бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор Бақытбек Сыдықов Мәжіліс депуаттарының сауалына берген жауабында.

Оның түсіндіруінше, лауазымдық жалақы 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап бір рет өссе, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап тағы көтеріледі. 

Бұдан бөлек, әскери қызметшілерге әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында өзге де жеңілдіктер беру жоспарланып отыр. Мысалы, әскери қызметшілерге коммуналдық қызмет үшін төленетін үстемақы енді отбасының әрбір мүшесіне төленуі мүмкін. Сондай-ақ, әскери қызметшілер мен оның отбасы мүшелерінің жылына бір рет демалыс орнына бару және қайтуы үшін жолақысы тегін болады.

Одан бөлек:

- әскери қызметшілердің қоғамдық көліктерде тегін жүруін қайтару;

- әскери қызметшілердің жауынгерлік, жұмылдыру және жедел дайындық бағдарламалары бойынша 1 тәуліктен артық далалық жағдайларда болуы барысында, сондай-ақ арнайы далалық жұмыстарды орындау барысында тәуліктік норманың 60% есебінен далалық ақшалай үлесті қайтару жоспарда бар. 

«Қазір зейнетақы тағайындау үшін жеткілікті еңбек өтілі бар келісімшарт мерзімінің аяқталуы бойынша қызметтен шығарылған күштік құрылымның қызметкерлеріне еңбек өтілі үшін зейнеткер құқығын беру (25 жыл еңбек өтілі) және 1998 жылдан кейін бірінші рет әскерге келген және 2016 жылға дейін әскерден шығарылған күштік құрылымның қызметкерлерін еңбек өтілі үшін зейнеткерлік төлемдерін индекстеу мәселесі қарастырылып жатыр», – деді ­ Бақытбек Сыдықов.