Әртүрлі

Әскери қызметшілер бірыңғай далалық киім формасына көшті

Қарулы күштерде қысқы далалық киімнің жаңа үлгілеріне көшкен жеке құрамның саптық байқаулары өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Қарулы күштер Тылы бастығының орынбасары полковник Әсет Оразалин түсіндіргендей, ерекше кезеңде басқа әскерлер мен әскери құралымдар Қарулы күштердің басқаруына өтеді. Тиісінше, бүркемелеу функциясын орындайтын және климат пен аймақтың географиялық ерекшеліктерін ескеретін далалық форма да біртұтас болуы керек.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, киім формасы 1999, 2006 және 2011 жылдары айтарлықтай өзгерістерге ұшырады. Бірақ барлық күштік құрылымдар әскери қызметшілерінің бірыңғай стилі мен түсіне көшу алғаш рет жүзеге асырылып отыр.

MultiCam бояуына көшу туралы шешім басқа елдердің тәжірибесін зерделегеннен кейін қабылданды. Ол өсімдіктерге, қалалық ғимараттар мен қирандыларға, шөлді және тасты жерлерде ерекше бүркемелеу  қасиетіне ие.

Киім пішінінің жаңа үлгілері жақсартылған функционалдылықпен және жайлылықпен ерекшеленеді. Мысалы, жағасы ауа-райы қолайсыз болған кезде мойынды жабады. Қалта құжаттарын оңай сақтау үшін кеуде қалталары көлбеу орналасқан және велкро таспасына бекітілген. Айырым белгілері де осы таспаға бекітіледі және тігуді қажет етпейді. Артқы жағындағы қосымшалар қозғалысты шектемейді. Кең шалбар белбеуі денеге жақсы сәйкес келеді, сонымен қатар форманы реттеуге арналған құрылғылары бар.

Қысқы киім формасына түбегейлі өзгерістер енгізілді. Матаның суға, аязға және желге төзімді қасиеттері бар. Қалың шалбар жартылай комбинезон түрінде жасалған. Сондай-ақ, тоқылған қалпақ пен жүннен жасалған шарф та қарастырылған.

Әскери қызметшілердің өтініші бойынша іс жүзінде пайдаланылмаған маусымдық плащ курткаға ауыстырылды. Күнделікті жемпірдің орнына далалық жемпір беріледі. Табиғи ерекшеліктеріне сүйене отырып, жазғы етіктердің түсі қара түстен құм түсіне өзгерді. Басқару органдарының әскери қызметшілері үшін қонышы биік етік тактикалық кроссовкаларға ауыстырылды.

Инновацияның экономикалық құрамдас бөлігі де маңызды. Оны іске асыру қысқартылған киім-кешек құны есебінен ғана жүзеге асырылады. Жабдықтау нормаларын оңтайландыру әскерлердің жыл сайынғы қажеттілігін 140 млн теңгеге азайтты.

Бұл ретте қоймалардағы бар қорлар, оның ішінде ескі үлгідегі далалық киім-кешек мерзімді қызмет сарбаздары, жыл сайынғы жиындарға тартылатын әскери міндеттілер үшін және әскерилендірілген күзет қызметкерлері үшін жұмыс киімі ретінде пайдаланылатын болады. Бұл жыл сайын осындай киім-кешек сатып алуға 400 млн теңгеден астам қаражатты үнемдеуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, әскери киім-кешек мемлекеттік қорғаныс тапсырысы аясында тек отандық кәсіпорындарда жасалатынын атап өткен жөн.