«Сіз салық декларациясын уақытылы тапсырмағансыз»: алаяқтар жаңа әдіс ойлап тапты
Полиция азаматтарды жаңа алаяқтық тәсілінен сақ болуға шақырады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Алаяқтар азаматтарға қоңырау шалып, өздерін мемлекеттік органның қызметкері ретінде таныстырады. Олар «Сіз салық декларациясын уақытында тапсырмағансыз» деп сендіреді. Осылайша, банк шоттарыңыз бұғатталуы мүмкін екенін айтып қорқытады. Мәселені үш күн ішінде «шешу қажет» деген сылтаумен қысым көрсетеді», - делінген хабарламада.
«Жеке басыңызды растау керек» деп азаматтардан SMS арқылы келген кодты сұрайды. Осы кодты алған соң, алаяқтар банктік шоттарға қол жеткізіп, қаражатты заңсыз иемденеді.
Полиция ескертеді:
- Мемлекеттік орган қызметкерлері мұндай мазмұндағы қоңыраулар шалмайды және ешқашан SMS-кодтар мен растау деректерін сұрамайды;
- Ешқашан бөгде адамдарға SMS-кодтарды, банк картасының нөмірі мен паролін, жеке мәліметтерді бермеңіз;
- Егер күдік тудыратын қоңырау алсаңыз, әңгімені дереу тоқтатып, «102» нөмірі арқылы полицияға хабарласыңыз.