Әртүрлі

Үсік жүреді: қыркүйек айына арналған ауа райы болжамы

«Қазгидромет» синоптиктері қыркүйек айына арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Синоптиктердің болжамы бойынша, қыркүйек күзгі маусымды салқын ауа райымен бастайды. Салехард аудандарынан енген суық ауа массаларының әсерінен ауа температурасы  төмендейді. Республиканың оңтүстік-шығысы мен шығысындағы таулы аудандарда жауын-шашын (жаңбыр, жылбысқы қар) болуы мүмкін.

Бірінші онкүндікте Қазақстанның басым бөлігінде құбылмалы ауа райы болжанады: жаңбыр, кей жерлерде нөсер жаңбыр, найзағай, бұршақ және екпінді жел болады. 

Солтүстік, орталық және шығыс өңірлерде алғашқы үсік жүруі ықтимал. Түнде және таңертең тұман түседі деп болжанып отыр.

Айдың басында еліміздің батысында ауа температурасы түнде +15+20°С, оңтүстікте +23°-тан +8+15°С-қа дейін, күндіз +32+37°С-тан +18+25°С-қа дейін төмендейді, онкүндіктің соңында ауа температурасы түнде +12+18°С, күндіз +25+30°С, оңтүстікте +35°С-қа дейін жоғарылауы болжанады.

Республиканың оңтүстік-батысында ауа температурасы күндіз +32+40°С қатты ыстыққа дейін жоғарылауы болжанады, онкүндіктің ортасына қарай +25+30°С-қа дейін ыстық басылады, онкүндіктің соңында ауа температурасы +33+38°С-қа дейін жоғарылауы ықтимал.

Солтүстікте, солтүстік-батыста (Қостанай облысында), орталықта және шығыста ауа температурасының түнде +3+8°С, топырақ бетінде 2°С үсіктен +5+15°С-қа дейін, күндіз +11+18°С-тан +22+30°С-қа дейін біртіндеп жоғарылауы болжанады.

Оңтүстікте және оңтүстік-шығыста ауа температурасы түнде +10+18°С-тан +18+23°С-қа дейін, күндіз +26+33°С-тан +32+39°С-қа дейін ауытқиды.

Қыркүйектің екінші және үшінші онкүндігінде температуралық фонда жиі өзгеріс болады.

Батыс, солтүстік-батыс аймақтарда ауа температурасы түнде +13+19°С-тан +2+12°С-қа дейін, топырақ бетінде 3° үсікке дейін, күндіз +25+32°С-тан +18+26°С-қа дейін ауытқиды.

Елдің солтүстігінде, орталығында және шығысында ауа температурасы түнде +1+6°С-тан, үшінші онкүндікте 1-6°С үсіктен +7+13°С-қа дейін, күндіз +8+13°С-тан +20+28°С-қа дейін ауытқиды.

Қазақстанның  оңтүстік жартысында ең суық күндерде ауа температурасы түнде топырақ бетінде 3°С үсікке дейін, күндіз +11+20°С дейін төмендейді. Кейбір күндері ыстық ауа райы басым болады, күндіз ауа температурасы +25+35°C-қа дейін қызады.