Әртүрлі

Шымкентте 1,1 млрд теңге жымқырған шенеуніктер сотталды

Қаржылық мониторинг агенттігі қылмыстық жолмен алынған 358 миллион теңгеден астам қаражатқа сатып алынған жылжымайтын мүлікті мемлекет кірісіне тәркіледі, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Агенттіктің Шымкент қаласы бойынша департаменті өңірдің лауазымды адамдарына және «Қуатжылуорталық-3» МКК-ге қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады. Аталғандарға қаладағы жылу желілері мен электр желілеріне ағымдағы жөндеу жүргізуге бөлінген 1,1 миллиард теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырды деген айып тағылды.

Ақпаратқа сәйкес, күдіктілер ұрланған қаражатты жылыстату үшін «қолма-қол ақша жасаушылар» тобын тартқан. Олар 7% мөлшерінде ақшалай сыйақы үшін бөгде адамдарға рәсімделген 24 күмәнді кәсіпорын арқылы тауарларды жеткізу және қызмет көрсету жөніндегі мәмілелер туралы жалған құжаттар (шот-фактуралар, жүкқұжаттар, орындалған жұмыс актілері, шарттар) ұсынған.

Қаржылық тергеу шеңберінде қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған жылжымайтын мүліктер, атап айтқанда, Шымкент және Астана қалаларындағы 2 пәтер, 1 тұрақ орны, Шымкент қаласындағы 3 жеке үй және банк шоттарындағы 50 миллион теңге анықталып, тәркілеу мақсатында сот санкциясымен бұғатталды, – делінген ҚМА хабарламасында.

Сот үкімімен барлық жеті айыпталушы 2 жылдан 7,5 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.