Шетелдік интернет-компаниялар Қазақстанда қанша салық төлейді
2022 жылдан бастап Қазақстанда шетелдік интернет-компанияларға қосылған құн салығы салынатын «Google салығы» деп аталатын жүйе енгізілді, деп хабарлады Elordainfo.kz Ranking.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл салық Қазақстандағы жеке тұлғаларға сандық форматта қызмет көрсететін және электрондық саудамен айналысатын шетелдік компаниялардың салық салуын реттеу үшін енгізілген. Қазіргі таңда елде қосымша құн салығын төлеуші ретінде тіркелген халықаралық компаниялардың саны 110-нан асып отыр. Олардың ішінде 13 компания биыл тіркелді.
Бұл тізімге цифрлық технологиялар, медиа және маркетплейс салаларындағы жаһандық көшбасшыларды қоса алғанда, түрлі саладағы компаниялар кіреді. Бұл тек ҚҚС төлеуші ретінде ғана тіркелген интернет-компаниялар. Олар елде жеке филиал не еншілес компания ашқан жоқ. Тек ҚҚС төлеуші ретінде тіркеуден өткен.
Түсінікті болу үшін, кейбір компанияларды және олардың қандай қызметтері үшін ҚҚС төлейтінін атап өтейік:
Google – ҚҚС жарнамалық қызметтерді ұсыну, сондай-ақ Google Play арқылы қосымшалар мен медиаконтент сату үшін алынады.
Apple – компания iTunes пен App Store арқылы контент сатқаны, сондай-ақ Apple Music пен iCloud сервистеріне жазылымдар үшін ҚҚС төлейді.
Netflix – ҚҚС видеохабар тарату қызметтері үшін алынады.
Amazon – салықтық төлемдерге Amazon Web Services (AWS) платформасы арқылы сандық тауарлар сату кіреді.
Өткен жылдан бастап тізімге Temu, Garmin, Twitch, 1688.com Pte Ltd, Alibaba.com және басқа да компаниялар енді.
Үкіметте бұл салық шетелдік интернет-компанияларды отандықтармен теңестіріп, нарықты бәсекеге қабілетті етеді деген пікір бірнеше рет айтылды. Алайда, өкінішке қарай шындық мүлде басқа болып тұр. Қазақстандық компаниялар, оның ішінде интернет-компаниялар мен маркетплейстер, ҚҚС-тан бөлек тағы да көптеген салықтар мен төлемдерге тартылады.
Енді онлайн қызметпен айналысатын қазақстандық және шетелдік компаниялардың («Google салығын» төлеушілердің) салықтық төлемдері арасындағы айырмашылықты көруге болады. Салыстыру үшін Қазақстандағы ең ірі маркетплейстерді (оның ішінде тікелей Қазақстанда өкілдіктерін ашқан Wildberries пен Ozon-ды) және ҚҚС төлеуші шетелдік интернет-компаниялардың толық тізімін алайық.
Сонымен, 2024 жылдың қорытындысы бойынша 76 шетелдік интернет-компания Қазақстан бюджетіне барлығы шамамен 41 млрд теңге төлеген. Айта кетейік, бұл тізімге әлемдік IT-гиганттар мен онлайн-маркетплецстер кіреді.
Сондай-ақ салыстыру үшін бірнеше маркетплейстерді атап өтейік: мысалы, Temu 2024 жылы жалпы 5,9 млрд теңге салық төледі, iHerb – 4.6 млрд теңге, Lamoda («Купишуз») – 1,3 млрд теңге, eBay Marketplaces GmbH – 308.2 млн теңге, Aliexpress Russia Holding Pte Ltd – 151,1 млн теңге. Ал осы уақытта Қазақстанның ең ірі бес маркетплейсі жалпы есепте бюджетті 185,5 млрд теңгеге толықтырды. Олардың ішінен Kaspi.kz маркетплейсі 133,7 млрд теңге салық төлеп, бұл шетелдік интернет-компаниялардың Қазақстанда төленген салықтарының жиынтық сомасынан бірнеше есе көп. Осы уақытта Wildberries 37 млрд теңгеден астам, Ozon – 9,8 млрд теңге, OLX – 3.6 млрд теңге, ал Flip.kz – 831 млн теңге салық төлеген.
Қорытынды шығаратын болсақ: «Google салығы» деп аталатын бұл жүйе ойын шарттарын тек ішінара ғана теңестіреді, ал шын мәнінде шетелдік интернет-компанияларға жағдай әлдеқайда жеңіл. Олардың салықтық жүктемесі тек цифрлық қызметтерге салынатын ҚҚС-пен шектелсе, ал отандық ойыншылар – мейлі ол ірі маркетплейс болсын, не қызмет көрсететін платформа болсын – толыққанды міндеттемелер кешенін көтеріп келеді: корпоративтік табыс салығы, әлеуметтік аударымдар, мүлік салығы, жер төлемдері, түрлі қорларға жарналар және мемлекет пен бюджет алдындағы басқа да тұрақты міндеттемелер. Нәтижесінде , қазақстандық компаниялар тек қазынаға айтарлықтай көп қаражат құйып қана қоймай, сонымен қатар, халықты жұмыспен қамтып, инфрақұрылымды дамытып, ел экономикасына инвестиция салып отыр. Келтірілген деректерден байқағанымыздай, ауқымы мен табысы зор шетелдік онлайн-гиганттар Қазақстанда әлі де болса шартты түрде ғана салық төлеушішлер болып отыр. Ал шетелдік компаниялар ең төменгі міндеттемелермен шектеліп отырғанда қазақстандық кәсіпорындардың мойнына мемлекеттің бюджетін толтыру, елдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ету жауапкершілігі жүктелген.