Шенген аймағына кіру ережелеріндегі жаңа талаптар туралы белгілі болды
2025 жылғы 12 қазанда қысқа мерзімді сапарларға келетін ЕО азаматтары болып табылмайтын үшінші елдердің азаматтарын тіркеуге арналған жаңа EES жүйесінің (кіру/шығу жүйесі) пилоттық жобасы күшіне енді, деп хабарлады Elordainfo.kz Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.
Бұл жүйе қысқа мерзімді виза қажет ететін немесе визадан босатылған үшінші елдердің азаматтарына қолданылады. Кіруге рұқсат берілмеген жағдайлар да осы жүйеде тіркелетін болады.
Электрондық тіркеу процесі барысында жол жүру құжаты мен жеке деректері, сондай-ақ кіру және шығу күндері жинақталып, электрондық түрде тіркеледі және сақталады. Жеке деректерді жинау мен сақтау шарттары кіру/шығу жүйесін (EES) белгілейтін (ЕО) 2017/2226 Регламентінде көрсетілген. EES жүйесі азаматтарға қатысты келесі мәліметтерді тіркейді:
-жол жүру құжатындағы толық мәліметтер;
-ЕО елдеріне кіру және шығу күні мен орны (ESS пайдаланылатын елдерде);
-бет әлпеттің суреті мен саусақ іздері (яғни биометриялық деректер);
-қажет болған жағдайда, кіруден бас тарту туралы ақпарат.
Визасыз ЕО елдеріне келетін үшінші ел азаматтарының және жеңілдетілген транзиттік құжат иелерінің саусақ іздері EES жүйесінде сақталады. Шенген аймағына кіру үшін виза қажет азаматтардың саусақ іздері Визалық ақпараттық жүйеде (VIS) сақталады.
Жүйе, сондай-ақ, қажеттілігіне байланысты қосымша жеке ақпаратты Визалық ақпараттық жүйеден (VIS) және Еуропалық туристік ақпарат және рұқсат беру жүйесінен (ETIAS) алады. Бұл мәліметтерге сапарға рұқсат статусы және (қажет болған жағдайда) отбасы мүшесі статусы жатады.
Қазіргі таңда EES жүйесі ЕО елдерінде (Кипр мен Ирландияны қоспағанда), сондай-ақ Исландия, Лихтенштейн, Норвегия және Швейцарияда қолданылады.
Маңызды: егер биометриялық деректерді ұсынудан бас тартылса, EES арқылы ЕО елдеріне кіруге рұқсат берілмейді.