Шақыртуға дер кезінде келмеген өрт сөндірушілер 12 млн теңге өтемақы төлеуге міндеттелді
Алматы облысында өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері келіп түскен жедел хабарламаға мән бермей, дер кезінде шақыртуға шықпаған. Соның салдарынан ауыл тұрғынының үйі өртеніп кетті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Жоғарғы соттың мәлімдеуінше, 2023 жылдың мамыр айында сағат 17:30 шамасында Алматы облысы, Елтай ауылының тұрғыны өрт сөндіру бөліміне телефон соғып, үйіне жақын аумақта кепкен шөптің өртеніп жатқанын айтқан. Алайда өрт сөндірушілер қоңырауға мән бермеген.
Өрт орнына әкімдік өкілі жетіп, жергілікті тұрғындармен бірге оны сөндіруге әрекеттенген. Ал өрт сөндірушілер болса тек 22.40-та, тұрғын үйді жалын шарпыған кезде бір-ақ келді.
«Ауыл тұрғынына 11,9 млн теңге материалдық шығын келтірілді. Осыған байланысты ол Елтай ауылдық округі әкімі аппаратының және Өрт сөндіру қызметінің әрекетсіздігін заңсыз деп тану және келтірілген материалдық шығынды өтеуді талап етіп сотқа жүгінді. Сот шешімімен олар келтірілген материалдық шығын 11,9 миллион теңгені өтеуге міндеттелді», - деп көрсетті Жоғарғы соттың баспасөз қызметі.
Өрт сөндіру қызметі бұл шешіммен келіспей, шағым түсірген. Алматы облыстық соты іс материалдарын зерделей келе, бірінші сатыдағы соттың шешімі заңды және негізді деген қорытындыға келді.
Іс бойынша үкім өзгеріссіз қалдырылды.