Әртүрлі

Шағын несие үшін айыпақы өндіруге тыйым салынады

Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейту мақсатымен депутаттар азаматтарға, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтарына қосымша шаралар қабылдады, деп хабарлады Elordainfo.kz Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл санаттағы тұлғаларға несиелер мен микрокредиттер бойынша қарыздары кемінде үш ай мерзімге міндетті түрде кейінге қалдырылатын болады. Сондай-ақ қаржылық қызметтердің қолжетімділігін арттыру үшін мүгедектерге кедергісіз әрі қолайлы жағдай жасау талаптары енгізілді.

Сонымен қатар несие бойынша ай сайынғы төлемді 50 пайызға және одан да көп мөлшерге төмендету ұсынылып отыр. Банк несиелерін мерзімінен бұрын өтеу үшін айыпақы өндіріп алу алынып тасталды. Шағын несиелер бойынша оны қайтармағаны үшін айыпақыларды қоспағанда, кез келген айыпақыны есептеуге тыйым салынады. Ал қарыз алушыларға жүктемені азайту үшін банктік несие немесе шағын несие шарттары бойынша сақтандыру агентінің комиссиялық сыйақысының ең жоғары мөлшері 10 пайызға дейін белгіленеді.