«Ұшқышсыз ұшу аппараттары қосылады»: вице-министр өрт қауіпті кезеңге дайындық туралы айтты
Бұл туралы Үкімет отырысында төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Вице-министр өз баяндамасында өрт ошақтарының алдын алуға және өртті ерте анықтауға басты назар аударылатынын айтты.
«Орман» және «Табиғат» ақпараттық жүйелері, орман шаруашылықтарының бейнебақылау деректері, космомониторинг және ТЖ геоақпараттық жүйесі арқылы өрт жағдайына мониторинг жүргізілетін болады. Қазіргі уақытта орман алқаптары бар өңірлерде министрліктің және табиғат қорғау мекемелері әуе кемелерінің кезекшілігі ұйымдастырылды. Қорғаныс министрлігінің, Ұлттық ұланның және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің су ағызу құрылғылары бар әуе кемелерін тарту алгоритмі бекітілді»,- деді ол.
Кеген Тұрсынбаев потенциалды қауіпті аймақтарда ұшқышсыз ұшу аппараттары іске қосылатынын атап өтті. Сонымен қатар өрт қауіпті жағдайды бақылау үшін күнделікті әуеден шолып қарау жоспарланған.