Әртүрлі

Сенаторлар көлік қозғалысын ұйымдастыру туралы заңдарды мақұлдады

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар көлік қозғалысын ұйымдастыру мәселелері бойынша заңдарды қарап, депутаттық сауалдарын жолдады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Отырыс барысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жекелеген көлік құралдары түрлерінің жүруін ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне жекелеген көлік құралдары түрлерінің жүруін ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарды екі оқылымда қарады.

Заңдағы жаңа нормаларға депутаттар бастамашы болды. Олар көлік құралдарының жекелеген түрлерінің қозғалысы кезінде туындайтын мәселелерді құқықтық реттеудің тиімділігін арттыруға және жол апаттарын азайтуға арналған. Мәселен, құжаттарда көрсетілген нормаларға сәйкес мопедтер механикалық көлік құралдарының тізбесіне енгізіліп, олар үшін міндетті мемлекеттік тіркеуді белгілеу көзделген. Сондай-ақ көлік жүргізушілерін оқытумен қатар жолаушылар тасымалы қауіпсіздігін күшейтуге арналған бірқатар қосымша талап енгізіліп отыр.

Сенат төрағасы заңдарға қатысты пікір білдіріп, еліміздің әр өңірінде тіркелетін жол апаттары қоғамды қатты алаңдатып отырғанын атап өтті. Сондай-ақ ол Мемлекет басшысы бұл мәселеге бірнеше рет назар аударғанын айтты.

«Президентіміз Жолдауда жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне ерекше тоқталды. Бүгін қаралған заңдар жол қозғалысын ұйымдастыру мәселелері бойынша заңнаманы одан әрі жетілдіруді көздейді. Жол қауіпсіздігін одан әрі цифрландыру ісі де назардан тыс қалған жоқ. Мақұлданған заңдар жолдағы қауіпсіздікті арттыруға өз септігін тигізеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне жекелеген көлік құралдары түрлерінің жүруін ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң арқылы ҚР ӘҚБтК-нің 15 бабына түзетулер енгізу қарастырылған. Оның ішінде көлік құралының белгіленген қозғалыс жылдамдығынан рұқсат етілген мөлшерден сағатына 60 және одан да көп километрге асқан жүргізушілер үшін неғұрлым қатаң әкімшілік жауапкершілік көзделген. Сондай-ақ қайталама құқық бұзушылықтар үшін жауапкершіліктің қосымша шаралары және басқа да тетіктер қолға алынады.