Әртүрлі

Сатып алу рәсімдерінің мерзімдері айтарлықтай қысқарды

«Мемлекеттік сатып алу туралы» заң салада көрсетілетін қызметтердің сапасын көтеруге бағытталған. Әлеуетті жеткізушілер туралы ақпарат мемлекеттік органдардың деректер қорынан алынады. Бұл құжат отандық тауар өндірушілерді қолдауды көздейді. ҚР Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбеил ОКҚ алаңында «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңдағы жаңашылдықтар туралы айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Оның хабарлауынша, заңда кәсіпкерлерге 30%-дық жеңілдіктер қарастырылған. Сондай-ақ айыппұлдар мөлшерін азайту мүмкіндігі бар. 

«Келесі жаңашылдықтар – автоматтандыру технологияларын кеңінен қолдану. Біз рейтингтік балл жүйесін кеңінен қолданып, оны жетілдіріп жатырмыз және маңызды жаңашылдықтардың бірі – ол шағымдану процесін қайта қарадық. 1 қаңтардан бастап шағымдану процесі өзгерді. Бұған дейін шағымдар біздің жергілікті аудит органдарына келетін болса, қазір шағымдар конкурсты жариялаған тапсырыс берушіге келіп түседі. Екіншіден, шағымды қарау мерзімдері мейлінше қысқартылды», – деді Дәурен Кеңбеил. 

Құжат нормаларына сәйкес, әлеуетті жеткізушілердің жауапкершілігі күшейтілді. Енді жемқорлық үшін сотталған, жалақы бойынша қарыздары бар әлеуетті жеткізушілер конкурсқа қатыса алмайды. 

Жаңа заң сатып алу рәсімдерінің мерзімдерін қысқартуды көздейді. Бұған дейін мемлекеттік сатып алу саласындағы проблемалардың бірі рәсімдердің ұзаққа созылуы болған еді. Конкурсты өткізу мерзімі кем дегенде екі айды құраған. Осыған орай, заңды жүзеге асыру шеңберінде рәсімдердің мерзімдері қайта қаралып, конкурсты өткізу мерзімі 10 күнге дейін қысқартылды. Бұл ретте, рейтингтік-балдық жүйе пайдаланылатын конкурс арқылы жеңімпаздар небәрі 5 күннің ішінде анықталып жатыр. Аукцион мерзімі 10 күнге дейін қысқарды. Ал, бағаларды ұсыну конкурсы осыған дейін 5 күн жүргізілсе, қазір бұл мерзім 2-ақ күнді құрайды.