Әртүрлі

Салтанат Байқошқарова: Күйеуіңе сенбе, босағаңа сен

Медицина саласының маманы, ЭКҰ дәрігері Салтанат Байқошқарова тұрмысқа шыққан қыздарға кеңес берді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Дәрігер Kozqaras подкастта берген сұхбатында әңгімесін күйеуінен бастады.  

«Жолдасымның есімі – Батыр. Мінезі қатал, бұзықтығы да бар. Атына заты сай азамат. Бірақ өте әділ, еңбекқор, жанашыр, адамгершілігі жоғары. Сол маған «сен демалып білмейсің, өстіп жүріп өліп қаласың» деп ұрсады. «Ең болмаса, теңізге барайықшы» деп ұрсады. Бір жаққа барсақ, тығылып жүріп жұмыс істеймін. Менің хоббиім – жұмысым», – деді медицина маманы. 

Сонымен қатар дәрігер тұрмыс құрмаған, тұрмысқа шыққан қыз-келіншектерге кеңес айтып, табыс табуға шақырды. 

«Атамның сөзі миымда қалып қойыпты. Қыздарға «ешқашан күйеуіңе сенбе, босағаңа сен, босағаң сені қалдырмайды» деп айтатын. Күйеуіңе сенбе дегені – өз-өзіңе сен дегені ғой. Байқошқар атамның бұл сөзінде өте терең мағына бар екен. Өйткені күйеуің тастап кетуі мүмкін, тірлікке жарамсыз болуы мүмкін, о дүниелік немесе ауру болып қалуы мүмкін. Не деген сөздерді айтып кеткен деп кейде таңғаламын. Әйел негізі ермен қатар жүріп, бірге қимылдамаса, күйеуіне ғана сеніп отырса түкке де жетпейді. Жас қыздарға маман атанып, кәсіпкер болыңдар деп айтқым келеді», – деді ол.