Әртүрлі

Республикалық маңызы бар «Қалбатау – Майқапшағай» автомобиль жолы пайдалануға берілді

Бүгін республикалық маңызы бар «Қалбатау – Майқапшағай» автомобиль жолын қайта жаңарту бойынша негізгі құрылыс жұмыстары аяқталып, көлік қозғалысы ашылды. Жолдың ұзындығы 415 шақырым, деп хабарлады Elordainfo.kz Абай облысы әкімдігіне сілтеме жасап.

Күре жолдың ашылу рәсіміне Абай облысының әкімі Берік Уәли, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов, «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ төрағасы Дархан Иманашев, парламент мәжілісінің депутаттары Нұртай Сабильянов, Ерлан Саиров, Ұлықбек Тұмашинов, Ринат Зайытов, Мақсат Толықбай қатысты.

Аймақ басшысы бұл жолдың өңір тұрғындары үшін ерекше маңызы бар екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы Қазақстан халқына арнаған жолдауында «Өңірлердің көлік байланысына қатысты мәселемен мықтап айналысу керек. Бұл жөнінде қазір көп айтылып жүр, соның ішінде халықаралық форумдарда да талқылануда. Ірі транзиттік аймақ саналатын Қазақстан үшін бұл бағыт айрықша маңызды» деп атап өткен болатын. Біз бүгін өңіріміздің инфрақұрылымдық дамуындағы маңызды белеске куә болып отырмыз. Жолдың еліміздің басты мерекесі – Республика күні қарсаңында пайдалануға беріліп отырғаны облыс жұртшылығы үшін қуанышты жаңалық болғанын айтуымыз керек. Өңір тұрғындары бұл күнді көп күтті. Бұл халықаралық логистикалық дәліздің 184 шақырымы Абай облысы арқылы өтеді. Жарма, Көкпекті, Ақсуат аудандары жол аумағында жатыр. Аталмыш бағыт аймақтың экономикалық тұрғыдан дамуына, туристік ағынның артуына, өңіраралық байланысты жақсартуға септігін тигізері анық. Көлік министрлігіне, «ҚазАвтоЖол» басшылығына, мердігер компанияға облыс тұрғындары атынан алғыс білдіремін», - деді облыс әкімі.

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Дархан Иманашев жобаның стратегиялық маңызына тоқталды.

«Қалбатау – Майқапшағай» тасжолы – еліміздің көлік саласының маңызды бөлігі. Бұл жол Қазақстанның орталық және шығыс өңірлерін Қытай Халық Республикасының шекарасымен байланыстырады. Жобаның жүзеге асырылуы транзиттік әлеуетті арттыруға, өңіраралық және халықаралық байланысты нығайтуға, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және азаматтар үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Бұл – еліміздің экономикалық тұрақты дамуына бағытталған жол инфрақұрылымын жаңғыртудың кең ауқымды жұмысының нәтижесі», - деді ол.

Жол құрылысы Қытайдың Экспорттық-импорттық банкінің қаражаты есебінен және республикалық бюджеттен қосымша қаржыландыру арқылы жүзеге асырылды. Жоба жалпы ұзындығы 415 шақырым болатын 10 учаскені және 2 жол пайдалану учаскесін қамтиды. Оның ішінде 184 шақырымы – Абай облысының, 231 шақырымы – Шығыс Қазақстан облысының аумағында орналасқан. Жобаны іске асыру барысында 8 асфальтбетон зауыты, 1100 бірлік жол-құрылыс техникасы, 1800-ден астам маман жұмылдырылды. 5 демалыс алаңы, 37 көпір, 2 жол өтпесі, 349 су өткізу құбыры және демалыс аймақтарында 2 санитарлық-гигиеналық торап салынды.