Әртүрлі

Референдумда саналы түрде таңдау жасауға қаншалықты дайынбыз?

Елордада «Астана су арнасы» кәсіпорны ұжымымен АЭС салуды қолдау бойынша халықтық штаб өкілдері кездесіп, атом энергетикасын дамыту туралы ойларымен бөлісті. Олар халық арасында жүргізілген түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде азаматтардың референдумда саналы түрде дауыс беруге дайын болып қалғанын жеткізді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Бұл жұмыстардың бірнеше тұсын атап өткім келеді. Соның ішінде ең бастысы – түсіндіру жұмыстары басталғаннан бері адамдар қоятын сұрақтар сипатының өзгеріп отырғаны. Бұрын тек хайп қуатын сұрақтар қойса, қазір жемқорлық, қаржы, АЭС арқылы бөлінетін энергия көлемі, қауіпсіздік жағынан қоя бастады. Бұл қоғамның АЭС туралы ақпаратпен қаныға бастағанын, оны қабылдағанын білдіреді. Осылайша олар екі күннен кейін болатын референдумға саналы түрде таңдау жасауға дайын болып келеді. Бұл мен үшін бүгін жасалған маңызды тұжырым болды. Алматы, Жамбыл, Түркістан облысында жұмыссыздық деңгейі жоғары, оңтүстікте әйелдердің көбі білімі мен қалауы болса да жұмыс істемейді. Себебі жұмыс орындары жетіспейді. Ірі-ірі кәсіпорындар жоқтың қасы. Олардың ашылмауына электр энергиясының тапшылығы басты себеп болып отыр. Әлемде салынған АЭС-тердің бүкіл тарихында тек 11 апат болған. Соның 8-і бойынша ішкі технологиялық ақауларға қатысты инциденттер болып, оның салдарында ешқандай адам өлімі болмаған, залалы келмеген. Қазіргі заманауи АЭС-тердің соңғы нұсқалары бойынша қауіп-қатердің бәріне қарсы қорғаныс қарастырылған. Адами факторға жол берілмейтіндей автоматтандырылған», - деді ҚР Мәжіліс депутаты Павел Казанцев аталған ұжыммен кездесуде.

Кездесуге сонымен қатар атом саласының мамандары мен AMANAT партиясының өкілдері, қалалық мәслихат депутаттары да қатысып, АЭС туралы пікір білдірді.

«Бүгін соңғы күн халықтық штабтың мүшелерімен Астанадағы түрлі нысандарға, кәсіпорындарға барып, кездесу өткізіп жатырмыз. АЭС бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Себебі атом электр стансасы экономикалық және экологиялық жағынан да өте тиімді. АЭС салуға қажетті шикізат өзімізде бар, соны дұрыс пайдалануымыз керек. Әрине, дамыған мемлекеттер АЭС-ті әлдеқашан салып, соның пайдасын көріп отыр. Әлем бойынша қазір 400-ден астам АЭС бар», - дейді AMANAT партиясы Астана қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мұхаммед Болысбек.

Сонымен қатар ҚР Энергетика министрлігі Атом энергетикасы және өнеркәсіп департаменті директорының орынбасары Гүлмира Мұрсалова да АЭС-ті дамыған елдер ғана салады деп айту – қате пікір екенін жеткізді.

«2800 МГб қуаттылығы бар атом электр стансасымен бірдей энергия көзін алу үшін желмен жұмыс істейтін 8 станса салу керек. Сондықтан қазір әлем атом электр энергиясына қарап отыр. Қазір әлемде 415 реактор жұмыс істейді. Оның көп бөлігі АҚШ пен Францияда. Бірақ АЭС-ті дамыған елдер салады деп айту – қате пікір. Олар өздерін тұрақты энергиямен қамтамасыз ете алғандықтан, дамыған мемлекеттерге айналды. Былтыр қолданылған 115 млрд КВт сағаттың 2 млрд КВТ сағатын біз Ресейден жоспарлы түрде сатып алдық. Болашақта көршілердің электр энергиясына тәуелді болмас үшін біз өзімізді қамтамасыз етуіміз керек», - деді Гүлмира Мұрсалова.

Қаланы сумен қамтамасыз етіп отырған кәсіпорын қызметкерлері штаб өкілдеріне сұрақтар қойып, АЭС салу маңыздылығы туралы ақпараттар алды.

«АЭС бүгін, ертең қажет болмағанымен келешекте бұл сұрақтар өте қатты қарастырылады. Себебі қазірдің өзінде электр энергиясының тапшылығы сезіледі. Оның үстіне болашақта электронды автомобильдер, техника дами береді, олардың бәрінің жұмысы электр энергиясымен байланысты. Сондықтан қазір қоғамда бар күмәнді ойларды қойып, заманауи, соңғы технологиямен салынатын АЭС-тің құрылысына қарсылық білдірмегеніміз жөн. Әлемде салынып жатқан сондай соңғы үлгідегі атом электр стансаларына қарап салсақ болады деп санаймын», - дейді «Астана су арнасы» МКК кәріздендіру қызметінің бастығы Қуаныш Сұлтанбаев.

Райхан РАХМЕТОВА