Құрбан айт — кешірім мен қайырымдылыққа үндейтін мереке
Жыл сайын барша мұсылман қауым ең маңызды мерекелердің бірі — Құрбан айтты күтеді. Ол «Ораза айттан» кейін 70 күннен соң басталып, үш күнге созылады. Елімізде бұл күн рухани, адамгершілік пен өзара құрметке үндейтін мереке ретінде аталып өтіледі, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Құрбан айт — Ислам дініндегі ұлы мерекелердің бірі. Бұл мейрамның негізі пайғамбар Ибраһимнің (Авраамның) оқиғасына байланысты. Қасиетті Құранда жазылғандай, Ибраһим пайғамбар түсінде Алланың өз ұлын құрбандыққа шалуға бұйырғанын көреді. Ол бұл бұйрыққа көніп, ұлын құрбан етуге дайын болады. Алайда соңғы сәтте Алла Тағала оның шынайы сенімін көріп, құрбандыққа мал шалуға бұйырады. Содан бері бұл мейрам мұсылман қауымының Аллаға деген шынайы сенімін білдіретін рухани мереке ретінде саналады.
Құрбан айт таңертеңгі айт намазынан басталады. Мешіттерде жамағат жиналып, айт намазын оқиды. Намаздан кейін имамдар құрбандық шалудың маңызы мен рухани тазалық туралы уағыздар айтады.
Бұл күні жағдайы жететін мұсылмандар құрбандық шалады. Көбінесе қой, кейде сиыр немесе түйе шалынады. Құрбандыққа шалынатын малдың дені сау, яғни шариғат талаптарына сай болуы шарт. Оның еті үшке бөлінеді. Құрбан шалушы еттің бір бөлігін мұқтаж жандарға, тағы бір бөлігін өз туған туысы пен көршілерге береді. Қалған бөлігін өз отбасына қалдырады.
Елімізде Құрбан айт мемлекеттік деңгейдегі діни мереке болып саналады. Сондықтан да мерекенің алғашқы күні жұмыс күніне тұспа-тұс келсе, демалыс беріледі. Қалаларда құрбан шалатын арнайы орындар белгіленеді.
Құрбан айтта қайырымдылық акциялары ұйымдастырылып, мұқтаж отбасыларға, жалғызбасты қарттарға, көпбалалы аналарға азық-түлік таратылады.
Сол себепті бұл күнді тек діни мереке деп қана емес, бірлік пен мейірім мерекесі деп есептейді. Үш күнге созылатын мереке барша мұсылман қауымды кешірім мен қайырымдылыққа үндейді.