Әртүрлі

Прокуратура Қарағанды облысындағы өртке қатысты жалған ақпарат таратылып жатқанын ескертті

Қарағанды облысы прокуратурасы Қарқаралы ауданы аумағындағы өртке қатысты шындыққа жанаспайтын ақпарат таралып жатқанын және мұндай жағдай қылмыстық жауапкершіілк қарастырылғанын ескертті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде Қарқаралы ауданындағы өртке қатысты көрінеу жалған ақпарат тарату жағдайлары жиілеп кетті. Тексерілмеген мәліметтер жарияланады. Мұндай жалған мәліметтер келеңсіз қоғамдық пікірді қалыптастырып қана қоймай, қоғамдық тәртіпке де теріс әсер етеді», - делінген хабарламада.

Сонымен қатар ведомство көрінеу жалған ақпарат тарату қылмыстық жазаланатын іс-әрекет болып табылатынын және Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын ескертті.

«Осыған байланысты, Қарқаралы ауданының прокуратурасы азаматтарды, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін, әлеуметтік желілерді пайдаланушыларды заңнаманы мүлтіксіз сақтауға және осы құқық бұзушылықтың жасалуына жол бермеуге, тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырады», - деді Қарағанды облысы прокуратурасы.