Әртүрлі

Мемлекет басшысы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ашық деп жариялады

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Бүгін – көптен күткен байрақты бәсеке. V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары басталады. Баршаңыз қазақ жеріне қош келдіңіздер. Бұл – әлемдік ауқымда өтіп жатқан айрықша маңызды іс-шара. Қазақстанға келген бауырлас мемлекеттердің басшыларына зор ризашылығымды білдіремін. Мәртебелі меймандарға және спортшыларға шынайы алғыс айтамын. Көшпенділер өркениеті дүние жүзі тарихында өшпес із қалдырған өркениет.

Ұлы дала көшпенділері ежелден байтақ Еуразияны мекен еткен. Олар жаһандық даму үдерісіне түбегейлі өзгеріс әкелді. Сол замандағы озық технологияның иесі болды. Көшпенділер  5 мың жыл бұрын жылқыны қолға үйретті. Дүниені дүбірлеткен салт аттылар мәдениетін қалыптастырды. Ұлы дала дүбірі – еліміз үшін тарихи оқиға. Сарыарқаның сайын даласы 5 күн бойы дүбірге толады. Күллі әлем жұрты нағыз көшпенділердің болмысына  куә болады. Бұл – бірлік пен татулықтың тойы. Достығымыз мәңгі  болсын. V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ашық деп жариялаймын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.