Полицейлер жолаушыдан 2 келі есірткі тәркіледі
Түркістан облысында полиция қызметкерлері жол бойында жолаушыдан 2 келі есірткі тәркіледі, деп хабарлады Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде есірткіні заңсыз сақтап, тасымалдағаны үшін 42 жастағы күдіктіні ұстады.
Оқиға «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автожолындағы «Сауран» бекетінің жанында тіркелді. Полиция қызметкерлері Toyota Camry автокөлігін тоқтатып, тексеру кезінде жолаушының қол жүгінен есірткіге ұқсас зат салынған үш полиэтилен пакет тапты. Сараптама нәтижесінде алынған заттың салмағы шамамен 2 келі болатын кептірілген марихуана екені анықталды.
«Қазіргі таңда осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті – Қызылорда облысының тұрғыны қамауға алынды. Болған оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында жедел-тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр», - деп жазылған хабарламада.