Әртүрлі

Полицейлер жалдамалы пәтерде 35 жастағы есірткі жасырушыны ұстады

Ішкі істер министрлігі есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бойынша жұмысты белсенді жалғастырып келеді, деп хабарлады Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

«Астанада полиция қызметкерлері жалдамалы пәтерде 35 жастағы есірткі жасырушыны ұстады. Жеке тінту барысында күдіктіден 350 орам және синтетикалық есірткі салынған екі үлкен полиэтилен пакет тәркіленді. Сондай-ақ пәтерді тінту кезінде жасыруға дайындалған 1,5 мыңнан астам орам, салмағы бір жарым кг болатын 4 үлкен орам, 5 мыңнан астам zip-пакеттер, таразы мен есірткіні өлшеп орауға арналған құрылғылар тәркіленді. Ұсталған адамнан барлығы 6 кг-нан астам есірткі алынды. Оның ішінде 4 кг-дан астам мефедрон, 2 кг үнді марихуанасы және 8 грамм кокаин, - деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов.

Одан бөлек, Қарағандыда 53 жастағы ер адам ұсталды. Ол өз пәтерінің балконында 10 кг-нан астам гашиш сақтаған. Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде заңсыз айналымға есірткі заттарының 35 мыңнан астам дозасы жіберілмеді. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұл қылмыстар үшін мүлкі тәркіленіп, 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.