Полицейлер сыңарынан адасып қалған аққуды құтқарып қалды
Қарағанды облысында табиғатты қорғау полициясы орман шаруашылығы инспекторымен бірлесіп сыңарынан адасып қалған аққуды құтқарды, деп хабарлады Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
«5 қараша күні таңертең Қарағанды облысының тұрғынынан Бұқар жырау ауданының Ақтау кентінде суда аққу жүзіп жүргені туралы хабарлама келіп түсті. Облыстық ПД табиғатты қорғау полициясы жергілікті тұрғындар берген ақпарат бойынша дереу әрекет етіп, Қарағанды облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мамандарымен бірлесіп, құс табылған жерге дереу барды. Мұнда ветеринар мұқият тексеріп, бірлескен жұмыс нәтижесінде аққуды құтқарып қалды», - деп жазылған хабарламада.
Медициналық тексеруден кейін аққуға қосымша күтім қажет екені белгілі болды. Сондықтан оны Қарағанды қаласының хайуанаттар бағында одан әрі емдеу үшін қалдыру туралы шешім қабылданды.