Павлодар әуежайы 7 айға жабылады
1 сәуірден 1 қарашаға дейін Павлодар қаласы әуежайындағы барлық әуе бағыттары тоқтатылды, деп хабарлады Elordainfo.kz өңір әкімдігінің Telegram-дағы арнасына сілтеме жасап.
Бұл туралы бүгін облыс әкімдігінде хабарланды. Әкімдік өкілдерінің мәліметінше, 1 сәуірден 1 қарашаға дейін Павлодар қаласы әуежайының ұшу-қону жолағын кеңейту және қайта жаңарту жұмыстары жүргізіледі.
«Осыған байланысты барлық әуе бағыттары тоқтатылды», - делінген хабарламада.
Сондай-ақ бүгін облыстың Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қанат Кашкиров ұзындығы 77 км облыстық жолдарды жөндеу, шалғай ауылдарды жалғайтын 42 км аудандық автожолдарды қайта жаңарту және 32 кірме жолды жөндеу жоспарланғанын айтты.
«Ауыл - ел бесігі» жобасы және бонустық трансферттер аясында 30 ауыл көшесі жаңартылады. Қалалар мен аудандардың өз қаражаттары есебінен 7,9 млрд теңгеге 30 жобаны іске асыру жоспарланып отыр», - дейді әкімдіктегілер.