Әртүрлі

Павлодар облысында есірткі саудасына қатысы бар 57 адам ұсталды

Жыл басынан бері Павлодар облысының аумағында 190 есірткіге қатысты құқық бұзушылық анықталып, тіркеуге алынды. Бұл туралы Павлодар облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Ирина Темірғалиева Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Павлодар облысындағы жедел жағдайға әсер ететін маңызды факторлардың бірі – есірткі заттарының заңсыз айналымы мен нашақорлық деңгейі. Жыл басынан бері облыс аумағында есірткіге қатысты 190 құқық бұзушылық анықталып, тіркеуге алынды. Әрбір екінші дерек есірткіні жасырып тарату әдістерімен байланысты», - деді Ирина Темірғалиева.

Оның айтуынша, есепті кезеңде заңсыз айналымнан 537 келіден астам есірткі заты тәркіленген. Оның ішінде 479 келісі – каннабис тобына жататын есірткілер, 58 келісі – синтетикалық заттар, ал 642 келісі – күшті әсер ететін дәрілік құралдар. Есірткі саудасына қатысы бар 57 адам ұсталып, олардың төртеуі кәмелетке толмағандар екені анықталған.

Сонымен қатар өңірде заңсыз қызметпен айналысқан екі ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекеті тоқтатылып, құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсірумен айналысқан есірткі притондары әшкереленді. Бұл деректер бойынша 8 қылмыстық іс қозғалды.

Баяндамашы атап өткендей, соңғы уақытта ақпараттық-телекоммуникациялық технологияларды пайдалану арқылы жасалатын есірткі қылмыстары да жиілеген. 2025 жылдың 9 айында мұндай екі ауыр қылмыс тіркелген. Ал тыйым салынған есірткіге қатысты контенті бар интернет-ресурстар саны 18 есеге артқан. Биыл облыс аумағында есірткі насихатына байланысты 1310 материал бұғатталған.

«Қазіргі таңда есірткі бизнесі қоғамның бейбітшілігі мен қауіпсіздігіне айтарлықтай қатер төндіріп отыр. Қылмыстық топтар өздерінің материалдық және техникалық мүмкіндіктерін кеңейтіп, жаңа тәсілдер мен ғылыми-техникалық жетістіктерді заңсыз мақсатта пайдалануға тырысуда. Соған қарамастан, біздің қызметіміздің нәтижелері қабылданып жатқан шаралардың қазіргі сын-қатерлерге лайықты жауап екенін көрсетеді», - деді спикер.