Әртүрлі

Қорғаныс министрлігінің курсанттары әскери тарих олимпиадасында жүлдегер атанды

Әскери тарихтан жоғары оқу орындары курсанттарының IX Халықаралық олимпиадасы Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігі князь Александр Невский атындағы Әскери университеттің базасында өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институтының намысын құрама команда сапындағы екінші курс курсанттары Мейіржан Есентаев, Илья Каутов, Нұрдәулет Шыңғысханұлы, Бақыт Асарбаев және Нұржан Әбішев қорғады.

Алғашқы екі турдың қорытындысы бойынша қазақстандықтар үшінші орынға табан тіреді. Зияткерлік сайысы барысында олар үй тапсырмасын орындап, әскери-тарихи шайқасқа және капитан конкурсына қатысты.

Абсолютті командалық біріншілікте Ақтөбе қаласының Әуе қорғанысы күштері әскери институтының курсанттары үшінші орын еншіледі. Болашақ офицерлер елге дипломдармен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен оралды.

– Байқаудың алдында мұқият дайындалдық. Курсанттар дайындық процесіне жауапкершілікпен қарап, жақсы нәтижеге ұмтылып, ұйымшылдықты және білім деңгейінің жоғары екенін көрсете алды. Халықаралық зияткерлік сайысқа қатыса отырып, олар институттың және елдің абыройын қорғады, – деп атап өтті команда жетекшісі авиация тактикасы кафедрасының аға оқытушысы, запастағы подполковник Батыр Садақов.

Халықаралық олимпиадада бірінші орынды Вольск қаласындағы армия генералы А.Хрулев атындағы әскери материалдық-техникалық қамтамасыз ету академиясының филиалы иеленді. Екінші орынды Беларусь Республикасы Әскери академиясының курсанттары олжалады.