Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев әскери бөлімде қонақта болды
Бүгін Қарағандыда орналасқан Ұлттық ұланның 6505 әскери бөліміне танымал спортшы, бокстан Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев арнайы барды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Сопртшының келуі әсіресе әскери қызметшілер үшін ерекше мәртебе мен зор мотивация болды. Іс-шара барысында танымал спортшы жеке құраммен кездесу өткізіп, өзінің спорттық жолы мен жетістіктері жайында әсерлі әңгіме өрбітті. Сонымен қатар, ол әскери қызметтің маңыздылығына тоқталып, жастарға адал еңбек етіп, Отанға қызмет етудің жоғары борыш екенін атап өтті.
Кездесу барысында әскери қызметкерлер мен сарбаздар Серік Жұманұлына түрлі сұрақ қойып, оның тәжірибесі мен өмірлік ұстанымдары туралы көбірек білді. Спорт саңлағы әскери бөлімнің спорт залын аралап, жас сарбаздардың физикалық дайындығына жоғары баға берді.
Іс-шара соңында әскери бөлім басшылығы Серік Сәпиевке алғыс білдіріп, арнайы естелік сыйлық табыстады.
Кездесу соңында сарбаздар Олимпиада чемпионымен суретке түсті.
Серік Сәпиевтің келуі әскери бөлімнің рухын көтеріп, жеке құрамға шабыт берді. Бұл кездесу жауынгерлердің спортқа деген қызығушылығын арттырып, салауатты өмір салтын ұстануға ықпал етті.