Әртүрлі

Олимпиада чемпионы Елдос Сметов сарбаздармен кездесті

Париж Олимпиадасының чемпионы  Елдос Сметов Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5513 әскери бөліміндегі құқықтық тәртіп әскерінің сарбаздарымен  жүздесті, деп хабарлады Elordainfo.kz Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесуге спортшымен бірге оның бапкері Ғалымжан Жылгелдиев және Жамбыл облысы «Динамо» спорт қоғамы қоғамдық бірлестігінің орынбасары Жомарт Ысқақ та қатысты.

Еркін форматтағы жиында дзюдошы  өзінің спорт саласындағы тәжірибесімен бөлісті. Мұнда Елдос Сметов ұландықтарға жеңіске жетудің негізгі қағидаттары – тәртіп, еңбекқорлық және табандылық екенін ерекше атап өтті.

«Алдарыңызға қойған үлкен мақсаттар бар, соған жету үшін өмірдегі барлық қиындық пен ауыртпалықтың бәрінен өту керек. Жетістікке жеткен кез келген адам оңай жолмен жеткен емес. Оны мен өз тәжірибемнен айтып отырмын. Барлығы да төккен тер мен еткен еңбектін нәтижесі», - деді Елдос Сметов.

Іс-шара барысында Олимпиада чемпионы дзюдо спортындағы ерекше әдіс-тәсілдерін көрсетті. Жас ұландар чемпионның әрбір қимылын мұқият бақылап, спортқа деген қызығушылықтарын одан әрі арттырды. Сонымен қатар, сарбаздар чемпионға өздерін толғандырған сұрақтарын қойды әрі пайдалы кеңестерін тыңдады.

Кездесуде бапкер Ғалымжан Жылгелдиев те сөз сөйлеп, спортшының  жеңіске жету жолындағы ерен еңбегі мен ынтасын ерекше атап өтті.

«Олимпиада чемпионы күнде болып жатқан жоқ. Біздің қазақ жерімізде дзюдо күресінде алғашқы олимпиаданың алтыны, оның өзін жерлесіміз Жамбыл жерінің спортшысы алып келіп отыр. Бұл – үлкен мәртебе әрі  мақтаныш!» - деді бапкер.

Ал Жомарт Ысқақ спорт пен тәртіптің жас ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы туралы айтып, жас ұландарды патриоттық рухта тәрбиелеуге бағытталған мұндай іс-шаралардың рөлі зор екенін жеткізді.

Кездесу соңында қонақтарға арнайы алғыс хат табысталып, сый құрмет көрсетілді. Сарбаздар чемпионмен естелік суретке түсіп, оның қолтаңбасын алды. Бұл кездесу олардың жүрегінде ұзақ уақыт сақталатыны сөзсіз. Елдос Сметовтің өмір жолы мен жетістіктері жас сарбаздарға  шабыт беріп, оларды болашақта еліміздің намысын қорғауға жаңа серпін сыйлағаны анық.