Астана қаласының Құрметті азаматы Владимир Редкокашин өмірден озды
Бұл туралы Астана қаласы мәслихаты төрағасы Ерлан Каналимов өзінің Instagram-дағы парақшасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Астана қаласының Құрметті азаматы, елордалық мәслихаттың депутаты және хатшысы, сенатор, қоғам және саяси қайраткер Владимир Николаевич Редкокашин 76 жасында өмірден озды. Біз үшін әрдайым ақылшы, мол тәжірибесімен бөлісетін нағыз дос және әріптес болған адам еді. Өткен аптада, Владимир Николаевичке Республика күні қарсаңында «Барыс II дәрежесі» мемлекеттік орденін табыстау жоспарланған болатын, бірақ денсаулыққа байланысты бұл марапатты өзі ала алмады», - деп жазды Е.Каналимов.
Сондай-ақ, ол қоғам және саяси қайраткерінің бұған дейін «Барыс I дәрежесі» және «Құрмет» ордендерімен марапатталғанын, ал 2005 жылдан бастап «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ-ның төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарғанын айтты.
«Туған қаласының төл перзенті ретінде әрдайым Астананың игілігі үшін барын салды. Астананың осы жылдарда қол жеткізген жетістіктерінде оның да айтарлықтай үлесі бар. Оның жарқын бейнесі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады. Жатқан жеріңіз жайлы болсын, құрметті Владимир Николаевич!», - деді Е.Каналимов.