Әртүрлі

Немересі ата-әжесінің атынан 4 миллион теңгеге жуық несие рәсімдеген

Ақмола облысының полицейлері туыстарының атына несие ресімдегендерді анықтады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

9 желтоқсан күні Ақкөл қаласының полиция бөліміне алаяқтық дерегі бойынша екі өтініш түсті. Жергілікті тұрғындар өздерінің жақындары – немересі мен өгей баласының сенімдеріне кіріп, банктерден алаяқтық жолмен несие рәсімдегенін мәлімдеді.

Зардап шеккендердің айтуынша, алаяқтар «суретке түсіру керек» деген желеумен олардың бейне биометриялық деректерін пайдаланып, онлайн несиелер рәсімдеген. Алдыңғы шығын көлемі 1 миллион 772 мың теңгені құраса, екіншісінде 2 миллион теңгеден асып түскен.

Аталған оқиғалар бойынша полиция бөлімі сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады.

«Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін қарапайым, бірақ маңызды сақтық шараларын естен шығармаңыз. Жеке деректеріңізді, соның ішінде фото және бейне биометрияңызды ешкімге бермеңіз. Тіпті жақын адамдарыңызға сеніп тапсыру қауіпті болуы мүмкін.

Несие тарихыңызды тұрақты түрде тексеріп отырыңыз. Бұл күдікті операцияларды уақытында анықтауға көмектеседі.

Егер алаяқтық әрекеттерді байқасаңыз, бірден полицияға хабарласыңыз. Банктік қосымшаларда қауіпсіздік деңгейін арттыру үшін екі факторлы аутентификацияны қосыңыз», - делінген хабарламада.