Әртүрлі

Мопедтерді тіркеудің тәртібі қандай – мамандар кеңесі

Астана қаласының Полиция департаменті Қазақстан Республикасының «Жол қозғалысы туралы» Заңына (2024 жылғы 3 қазандағы №130-VIII Заң) енгізілген өзгерістерге сәйкес, мопедтер енді механикалық көлік құралдарына теңестірілетінін хабарлайды. Бұл өзгеріске байланысты оларды ішкі істер органдарында міндетті түрде мемлекеттік тіркеуден өткізу қажет. Бұл туралы Астана қаласы Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласы Полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Нұрлан Уваев пен Астана қаласы Полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасының бөлім бастығы Бауыржан Тоқжұманов мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Жаңа ережелер 2025 жылғы 5 сәуірден бастап күшіне енеді. Осы күннен бастап тіркеусіз, жүргізуші куәлігінсіз және азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандырусыз мопедтерді пайдалануға тыйым салынады.

Жаңа талаптар қандай көлік құралдарына қолданылады?

«Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мопедтер – бұл екі немесе үш дөңгелекті механикалық көлік құралдары, қозғалтқышының көлемі 50 текше сантиметрден аспайтын немесе электр қозғалтқышының максималды жылдамдығы 50 км/сағ аспайтын көліктер. Мопедтерге келесілер жатады: мокиктер, скутерлер және соларға ұқсас өзге де шағын көлік құралдары», - дейді Нұрлан Уваев.

Мопедтерді тіркеу тәртібі

Мопедтерді тіркеу тұрғылықты жері бойынша ХҚО-да жүргізіледі. Тіркеу үшін келесі құжаттар қажет:

- Жеке басын куәландыратын құжат (электронды түрде көрсетуге болады);

- Тіркеу туралы өтініш;

- Техникалық құжат немесе мопедтің техникалық сипаттамалары туралы мәлімет;

- Мопедті техникалық тексеруден өткізу.

Мемлекеттік баж салығын төлеу:

- Тіркеу үшін – 983 теңге (0,25 АЕК)

- Тіркеу куәлігін алу үшін – 4 915 теңге (1,25 АЕК)

- Мемлекеттік нөмір алу үшін – 5 505 теңге (1,4 АЕК).

Мопед жүргізу үшін қандай жүргізуші куәлігі қажет?

«A1 санатына 16 жастан бастап, A және B санаттарына 18 жастан бастап жүргізу құқығы беріледі. Сондай-ақ мопед жүргізушілері өз көліктерін техникалық тексеруден өткізіп, міндетті азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыруын рәсімдеуі тиіс.

Ереже бұзылған жағдайда 2025 жылғы 5 сәуірден бастап тіркеусіз мопедтерді басқарған немесе жүргізуші куәлігі жоқ тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Астана қаласының Полиция департаменті мопед иелеріне тіркеуді кейінге қалдырмай, алдын ала жүргізуші куәлігін алуды ескертеді», - дейді Бауыржан Тоқжұманов.