Әртүрлі

Мопед, электрсамокат жүргізушілері нені білу керек

2024 жылдың ағымдағы кезеңінде 3 мыңнан астам электрсамокат жүргізушілері және 11 мыңнан астам мопед жүргізушілері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл ретте электрсамокаттың қатысуымен 15 ЖКО тіркелді және мопед жүргізушілерінің қатысуымен 198 ЖКО тіркелді. Бұл туралы Астана қаласы ПД Әкімшілік полиция басқармасының бөлім бастығы Бауыржан Тоқжұманов брифингте айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Электрсамокат – екі немесе үш дөңгелегі бар, электр қозғалтқышты (электр қозғалтқыштарды) пайдалану арқылы бір адамның жүріп-тұруына арналған, орындығы жоқ, ең жоғары конструктивтік жылдамдығы сағатына жиырма бес километрден аспайтын жеке мобильді көлік құралы.

Электрсамокат жолдың оң жақ жиегімен, соның ішінде маршруттық көліктерге арналған жолақпен бір қатарда қозғала алады. Ол үшін жүргізушінің жасы 18-ге толған, кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі болуы, түймеленген дулыға киюі және түнгі уақытта шағылыстыратын киімде болуы қажет.

Мопед – цилиндрінің көлемі елу текше сантиметрден аспайтын іштен жану қозғалтқышымен не электр қозғалтқышпен жабдықталған және ең жоғары конструктивтік жылдамдығы сағатына елу километрден аспайтын екі немесе үш дөңгелекті көлік құралы. Мопедтерге аспалы қозғалтқышы бар велосипедтер, мокиктер, скутерлер және осыған ұқсас сипаттамалары бар басқа да көлік құралдары теңестіріледі;

Мопедтерді басқару құқығы он алты жасқа толған адамдарға беріледі, жүргізуші куәлігін алу міндетті емес, - деді Бауыржан Тоқжұманов.

Алайда, 2024 жылдың 3 қазанында Мемлекет басшысы заңға қол қойды, оған сәйкес жол қозғалысының кейбір ережелері өзгереді, атап айтқанда мопедтерді тіркеу қажет, ал иелері жүргізуші куәлігін алуы керек.

Мопед, электрсамокат және велосипед жүргізушілердің:

1) ең болмағанда бір қолымен рульден ұстамай жүргізуге;

2) жолаушыларды тасымалдауға арналған арнаулы бейімдемелері бар велосипедтермен және мопедтермен тасымалдаудан басқа, жолаушыларды тасымалдауына;

3) тасымалдауға арналған арнаулы бейімдемелері бар велосипедтермен және мопедтермен жүкті, сондай-ақ габаритінен ұзындығы немесе ені елу сантиметрден артық шығып тұрмайтын жүкті тасымалдаудан басқа, жүкті немесе басқаруға кедергі келтіретін жүкті тасымалдауына;

4) трамвай жүретін жолдарда және осы бағытта жүруге арналған біреуден астам жолағы бар жолдарда солға бұрылуына немесе кері бұрылуына;

5) мопедпен және велосипедпен пайдалануға арналған тіркемені сүйретуден басқа, мопедтерді, электр самокаттарды және велосипедтерді, сондай-ақ мопедтермен, электр самокаттармен және велосипедтермен сүйретуіне;

6) көлік құралынан түспей, жаяу жүргіншілер өткелімен жолдың жүру бөлігін кесіп өтуіне;

7) жол жүрісі қағидаларында айқындалған талаптарға сәйкес келетін, басқа көлік құралын жүргізушілерге көрінуді қамтамасыз ететін жарық шағылыстыратын затсыз жолдың жүру бөлігінде тәуліктің қараңғы уақытында жүріп-тұруына;

8) жолдың жүру бөлігінде басқаруы кезінде түймеленген шлемсіз болуына тыйым салынады.

Электрсамокаттар қозғала алады:

- велосипед жолында, велосипед жолағында және жол жиектерінде шектеусіз;

- жаяу жүргіншілердің сағатына алты шақырымнан аспайтын жылдамдықпен жүруіне қауіп төндірмей, тротуарлар немесе жаяу жүргіншілер жолы бойынша;

- электрсамокат жолдың жүріс бөлігінің оң жақ жиегімен, оның ішінде маршруттық көлік құралдарына арналған жолақпен бір қатарға жүре алады. Ол үшін жүргізушінің жасы 18-ге толған, кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі болуы, түймеленген дулыға киюі және түнгі уақытта шағылыстыратын киімде болуы қажет;

- жолдың жүріс бөлігіне шыққан кезде маневр жасаудың қауіпсіздігіне көз жеткізіп, көлік құралдары мен жаяу жүргіншілерге жол беріңіз.