Әртүрлі

Мемлекеттік сатып алу жүйесі қалай өзгереді

Атырауда мемлекеттік сатып алу саласында жүргізіліп жатқан реформаларды талқылауға арналған кездесу өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz Қаржы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оған Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарының іскер азаматтары қатысты. Мемлекеттік сатып алу бағытында қолға алынған өзгерістер туралы мемлекеттік органдар мен бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, сондай-ақ «Атамекен» өңірлік ҰКП өкілдері біле алды.

Аталған кездесуде Қаржы министрі Мәди Такиев пен Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов тиісті реформаның 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетінін айтты. Сондай-ақ министр мен облыс әкімі бұл өзгерістерге уақыт ұттырмай қазірден дайындалу қажет екенін жеткізді.

Мемлекет басшысы қол қойған заңды шартты түрде 4 үлкен бөлімге бөліп қарастыруға болады: сатып алу рәсімдерін жеңілдетіп, қысқарту, сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру, жеткізушілердің жауапкершілігін күшейту және бәсекелестікті дамыту. Бұл жөнінде Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейіл егжей-тегжейлі айтып берді.

Айталық, заңның бірінші бөлімі сатып алу рәсімдерін жеңілдетіп, азайтуға бағытталған. Атап айтсақ, құжатта шағымдарды қарау тетігі жаңартылып, Қаржы министрлігінің бақылаушы орган ретіндегі рөлі қайта қаралды.

Сатып алуды жедел жүргізу, тапсырыс берушілерге үлкен өкілеттіктер беру, сондай-ақ сатып алу рәсімдерінің ұзаққа созылуын болдырмау мақсатында шағымдарды енді сатып алуды ұйымдастырушының өзі тікелей қарайтын болады. Қорытындыларға шағымдану веб-портал арқылы және конкурстық комиссиямен анықталған жеңімпаздың сатып алуы бойынша ғана жүзеге асырылады.

Рәсімдерді өткізу уақытын қысқарту мақсатында заңда тікелей белгіленген мерзімдер Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларының деңгейіне ауыстырылды.

Заңның екінші бөлімі мемлекет есебінен сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған.

Заңда жобаны іске асырудың барлық кезеңінде бір жеткізушінің жауапкершілігін белгілей отырып, нысанды салу бойынша жүйелі жұмыстардың кепілі болып саналатын құрылысты «кілтпен тапсыру» қағидасы бойынша келісімшарт жасасу мүмкіндігі қарастырылған.

Заңның үшінші бөлімі жеткізушілердің жауапкершілігін арттыруды көздейді. Мәселен, мемлекеттік сатып алуларға қоғамдық мониторинг жүргізу тетігі енгізілді. Енді бұрын сыбайлас жемқорлық жасаған әлеуетті өнім беруші, басшы немесе құрылтайшы мемлекеттік сатып алуларға қатыстырылмайды. Сондай-ақ мемлекеттік сатып алуға жалақы бойынша берешегі бар әлеуетті өнім берушілер жіберілмейді.

Заңның төртінші бөлімі бәсекелестікті дамытуға арналған. Мысалы, Бірыңғай сатып алу платформасы іске қосылды. Бұл платформада мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің, сондай-ақ «Самұры-Қазына» қорын сатып алулары қолжетімді. Бірінші кезеңде қазіргі сатып алу алаңдары сақталып, сатып алу бойынша егжей-тегжейлі ақпаратты жинау мен көрсету үшін интеграция жүргізіледі.

«Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа Заңда ақпараттың ашықтығына, тапсырыс берушілер мен жеткізушілердің бәсекелестігі мен кәсібилігін қамтамасыз ету қағидаттарына басымдық берілген. Қысқаша айтсақ, жаңа заңның мәні – тапсырыс берушінің бюджет қаражатын сауатты және тиімді пайдалану арқылы мемлекеттік қажеттіліктерді қамтамасыз етуде жатыр. Яғни, мемлекеттік сатып алу көзделген нәтижелер мен мақсаттарға жетуге қолғабыс етуге тиіс», - деп түйіндеді Дәурен Маратұлы.

Сонымен қатар, кездесуде тендерлерді өткізу тәртібіндегі өзгерістер, келісімшарттардың орындалуын бақылаудың жаңа тетіктері сияқты маңызды аспектілер талқыланды.

Жаңа заңның негізгі новеллалары мемлекет есебенінен сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға, сатып алу процесінің мерзімдерін жеңілдетуге және қысқартуға бағытталған. Бұл өңірлерде шағын және орта бизнестің дамуына оң әсер беретін болады.

Айта кетейік, осы ретте Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа Заңды талқылау үшін өңірлердегі бизнес өкілдерімен кездесулері жалғасады.