Әртүрлі

Мектептерде ата-аналар комитеттерінің алғашқы отырысы өтеді – министрлік

15–20 қыркүйек аралығында еліміздің барлық мектептерінде «Мектеп пен отбасы: тәрбиелі әрі жауапты тұлғаны қалыптастырудағы ынтымақтастық» тақырыбында жалпы ата-аналар жиналыстары ұйымдастырылады, деп хабарлады Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл іс-шаралар «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы мен «Заң мен тәртіп» идеологиясы аясында жүзеге асырылады.

Негізгі мақсат – мектеп пен отбасы арасындағы өзара байланысты нығайту, әділетті, еңбекқор және жауапкершілігі жоғары ұрпақты тәрбиелеуге бірыңғай көзқарас қалыптастыру.

«Біз адал азаматты тәрбиелеу мектеп пен отбасының тығыз ынтымақтастығынсыз мүмкін емес деп санаймыз. Ата-аналардың оқу-тәрбие үдерісіне белсенді қатысып, мектеппен бірге балаларға ортақ құндылықтарды сіңіруі аса маңызды», - деп атап өтті Тәрбие және қосымша білім беру департаментінің директоры Ерлан Қалмақов.

Жиналыстар еліміз бойынша 8 мыңнан астам мектепте 40 мыңнан аса ата-ананың қатысуымен өтеді деп жоспарлануда. Қыркүйек айының соңында және қазан айында аудандық, қалалық және өңірлік деңгейлерде ата-аналар комитеттерінің кеңейтілген отырыстары өтеді. Ал қараша айында «мектеп – ата-ана – қоғам» ынтымақтастығын нығайтудың жаңа алаңына айналатын алғашқы Республикалық форум ұйымдастырылады.

Айта кетейік, бұл жұмыс Қазақстандағы ата-аналар комитеттерінің қызметін жаңғыртуға және тиімділігін арттыруға бағытталған.