ҚМДБ әйелдердің мешітте намаз оқуына қатысты мәлімдеме жасады
ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі әйелдердің мешітте намаз оқуына қатысты өз шешімін жария етті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Оған сәйкес, әйелдердің мешітке барып жамағатпен намаз оқуының оқасы жоқ. Дегенмен, олардың үйінде оқығаны абзал.
Басқарма бұл шешімге Мұхаммед пайғамбардың «Әйелдеріңе мешітке баруға тыйым салмаңдар. Бірақ үйлері олар үшін мешітке барудан да қайырлы», - деген сөзін дәлелге келтірді.
«Ханафи мәзһабының ғалымдары фитнаға (бұзақылық) түсіп қалу қаупі болғандықтан жас әйелдердің мешітке барып жамағатпен намаз оқуын мәкруһ санаған. Себебі Алла елшісі: «Үйлері олар үшін мешітке барудан да қайырлы», – деген. Ал жасы үлкен қарт әйелдердің таң және ақшам мен құптан намаздарында мешітке баруына болады. Бұл - имам Әбу Ханифаның көзқарасы. Өйткені ниеті бұзақылар бесін мен екінті намазында қаптап жүреді. Ақшам намазында кешкі асын ішумен әлек, таң намазы мен құптанда ұйқыда болады дейді. Әбу Юсуф пен Мұхаммедтің пікірі бойынша қарт әйелдер барлық парыз намаздарда мешітке бара алады», – делінген ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің хабарламасында.
Алайда мешітте әйелдерге арналған бөлек жер болса және ол жерге барар жол да көпшілікке көрінбейтіндей болса, оқасы жоқ. Басты мақсат - әйелдің абыройы мен қоғамда түрлі бүліктердің тууына жол бермеу.