Мәжіліс депутаты 1 маусымды мемлекеттік мереке ретінде бекітуді ұсынды
Мәжіліс депутаты Кенжеғұл Сейітжан Халықаралық балаларды қорғау күнін мемлекеттік мерекелер тізіміне енгізуді ұсынды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнін мемлекеттік мерекелер тізіміне енгізуді ұсынамыз. Осылайша оның мереке ретіндегі маңызы артып, отбасылық қарым-қатынастарды нығайтуға ықпал етеді. Өздеріңізге мәлім, жыл сайын Мемлекет басшысы балаларды қорғау туралы айтады»,- деді Кенжеғұл Сейітжан.
Сонымен қатар мәжіліс депутаты мейрам уақытында жұмыс күндерін тиімді пайдалану үшін күнтізбеге сәйкес қаулыларды 2 жыл бұрын шығарып отыруды ұсынды.
«Бізде заңнамаға сәйкес мейрам күндері бар және ол күндер демалыс болып есептеледі. Жұмыс күндерін тиімді пайдалану үшін министрлік тиісті қаулы шығарады. 2025 жылдың 3 қаңтар жұмыс күні жексенбі 5 қаңтарға ауыстырылды. Ол қаулы 2024 жылдың 21 қараша күні шығарылған, яғни 43 күн бұрын. 2024 жылы 8 мамыр жұмыс күні 4 мамыр жұмыс емес күнмен ауыстырылған. Бұл қаулы 17 сәуір күні, яғни 2 апта бұрын шығарылды. Мұны біз тиімсіз деп есептейміз. Сондықтан да қаулыларды күнтізбеге сәйкес 2 жыл бұрын шығарып отыруды ұсынамыз. Бұл кәсіпорындардың жұмыс барысын алдын ала жоспарлауға және жұмыс істейтін азаматтар демалыс күндерін алдын ала жоспарлайды»,- деді мәжіліс депутаты.