Әртүрлі

Мәжіліс депутаттары аумақтық қорғаныс бригадасының қызметімен танысты

Іс-шара «Теміржол» тұрғын алабындағы дене шынықтыру, сауықтыру кешенінің аумағында Астана қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан әскери міндеттілердің әскери жиынымен тұспа-тұс келді, деп хабарлады Elordainfo.kz

Сапар барысында Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің депутаттары Максим Рожин мен Самат Нұртаза әскери міндеттілердің тұрмысы, олардың орналасқан жері және тамақтандыруды ұйымдастырумен танысты. Мәжілісмендер оқу сыныптарына барып, жиынға шақырылған астаналықтармен әңгімелесті. 

Елордалық аумақтық қорғаныс бригадасының командирі, полковник Омар Орынбаев келгендерге бригаданың қызметі және оның мүмкіндіктері жайлы айтып берді.  Бөлім қонақтарына әскери нысанды күзету бойынша тактикалық эпизод та көрсетілді. 

– Біз өз азаматтарымыздың Отан алдындағы борышын орындауға саналы және үлкен жауапкершілікпен қарайтынына көз жеткіздік. Бүгінде Парламентте аумақтық қорғаныс туралы заңнаманы жетілдіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Заң жобасына енгізілген нормалар армиямыздың жауынгерлік әзірлігі мен жауынгерлік қабілетін нығайтуға жұмыс істеуі қажет, – деп атап өтті депутат М.Рожин.

Бұдан бөлек ол заңның жаңа редакциясы «өзін-өзі қорғауды қалыптастыру», «ерікті» және «аумақтық қорғаныс объектісі» сияқты ұғымдармен толықтырылғанын атап өтті. Қазіргі уақытта заң жобасы Сенатта қаралуда. Құжат елді мекендерді, аумақтық қорғаныс объектілерін күзету және қорғау, қорғаныс құрылыстарын салу, эвакуациялық іс-шараларды жүргізу және басқа да міндеттерді орындауға еріктілерді тартуды көздейді.

Кездесу соңында депутаттар оқу үдерісін жоғары ұйымдастырғаны және елдің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін бригада басшылығына, нұсқаушылар мен жиынға қатысушыларға алғыстарын білдірді.