Әртүрлі

Мәжіліс бюросында алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды

Палата спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Мәжіліс бюросы өтіп, онда алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Депутаттардың талқылауына «Акваөсіру туралы» Үкімет әзірлеген заң жобасы мен оған ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда қарау ұсынылады. Заң жобасы акваөсіруді дамыту саласындағы қатынастарды реттейтін құқықтық тетіктерді, инвестиция тартуға және экономиканың осы секторына шағын және орта бизнесті тартуға ықпал ету мақсатымен әзірленген. Атап айтқанда, су қоймаларын конкурстық негізде және конкурстық рәсімдерсіз беру тәртібі белгіленеді. Сонымен қатар жеңілдетілген несиелендіруге, еңбек өнімділігін арттыруды ғылыми қолдауға және ынталандыруға қосымша мемлекеттік қолдау шаралары мен басқа да бірқатар өзгеріс енгізіледі.

Ақпарат, қоғамдық даму, мәдениет және мұрағат ісі салаларындағы нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін жою мәселелері бойынша заң жобасы екінші оқылымда қаралады.

Күн тәртібінде бірқатар халықаралық құжатты ратификациялау туралы заң жобалары да бар. Олар: Сахараның оңтүстігіне қарай Африка елдеріне және Иракқа шектеулі және біртіндеп таратуды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін Еуропа Қайта Құру және Даму Банкін құру туралы келісім, сондай-ақ мемлекеттік (муниципалдық) сатып алуды жүзеге асыру кезінде банк кепілдіктерін өзара тану туралы келісім.

Сондай-ақ Мәжіліс комитеттері орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйым құру туралы ратификациялық шартты және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топтың қызметіне қатысты жаңа заң жобасын жұмысқа қабылдайды.