Әртүрлі

Мәслихат депутаты ядролық медицина мен атом энергетикасының дамуын салыстыра сипаттады

Астана қалалық мәслихатының депутаты, қалалық №5 емхананың директоры Алтыншаш Табулдина ядролық медицина мен атом энергетикасының дамуын салыстыра баяндады. Елордада ядролық медицина орталығы ашылғанда да адамдарда дәл қазіргідей қорқыныш туындағанын атап өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

 Медицина саласының өкілі ретінде елордадағы ядролық медицинаның дамуы туралы айтып өтсем деймін. ҚР Президентінің іс басқармасы медициналық орталығында ядролық медицина орталығы ашылғанда бұл саладағы мамандардың болуы, олардың ядролық медицинамен жұмыс істей алуына қатысты сұрақтар қойып, бұған күмәнмен қараушылар көп болды. Бірқатар азаматтарды радиофармацевтикалық химиялық препараттардың артықшылығы, дәрігерлердің оны жұмыста қолдана алу мәселесі қатты толғандырды. Алайда біздің білікті дәрігерлер ядролық медицина саласын терең оқып, оны жақсы игергендіктен және сол білімді тәжірибеде ұштастыра білгендіктен көптің көкейіндегі күмән, күдік біртіндеп сейілді.

Ядролық медицина әлемде ең дамыған медицина деп саналады. Әрине, радиофармацевтикалық препараттармен жұмыс істеу қиын. Оның ауру диагностикасы мен науқастарды тиімді емдеуге тигізер үлесі зор. Мысалы, кейбір ауруларды УЗИ, МРТ, КТ арқылы анықтағанда, сол арқылы морфологиялық өзгерісті көруге болса, ал ядролық химиялық препараттармен жасуша деңгейіндегі өзгерістерді білуге болады.

Сол сияқты қазіргі таңда еліміздегі электр энергиясының тапшылығын жою, жалпы экономикамызды көтеру мақсатымен көтеріліп отырған АЭС салу мәселесі де көптеген сұрақтардың туындауына әкелді. Санасында атоммен байланысты қорқынышы бар адамдар көкейіндегі күмәнді ойын сұрақ етіп қойып жатқаны өте орынды. Қанша адам болса сонша пікір болғаны жөн. Дегенмен референдум алдында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына сала мамандары мен түрлі қоғам өкілдерін қатыстыра отырып, халыққа АЭС салу қажеттілігін, оның қауіпсіздігі мен экологиялық артықшылықтарын түсіндірудің арқасында қазір мұндай сұрақтар азайып келеді. Өзімнің айтарым – бұл бейбіт атомды елімізді дамыту үшін қолдануымыз керек. Себебі егер халық қолдап, оң шешім қабылданар болса, Қазақстанда ең соңғы үлгідегі, өте жетілдірілген атом стансасы салынады деп жоспарланып отыр.

 

Райхан Рахметова